«Сигма-ГАЗ» ЖШС тұтынушылары бес айдан бері газдың негізсіз қымбаттауын тоқтатуға наразылық білдіруде. Осы уақыт бойы шенеуніктер мәселені шешуге уәде беріп келген, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Газ тарифін төмендетуді талап еткен Алматы облысы Шамалған ауылының тұрғындары бес ай бойы газ ақысын төлемеген. Тұрғындардың сөзінше, олар әкімдіктің уәдесіне сеніп, бағаның реттелуін күткен. Енді төлем жасамаған тұрғындар шетінен газ құбырынан ажыратылуда.
«Бізді, тұрғындарды газ құбырынан ажыратулары заңсыз әрекет. ЖШС өкілдері тұрғындарды газдан ажыратып қана қоймай, қайта қосқаны үшін ақша талап еткен және айыппұл салған. Ал айыппұл салуға тек деген мемлекеттік органдар ғана құқылы ғой. Негізі ЖШС төлем жасамай жатқан тұтынушылардың құбырын уақытша тоқтатып сотқа беру керек болатын. Алайда былтыр «СИГМА» ЖШС атауы «Сигма-ГАЗ» ЖШС деп өзгертілген, бірақ бізбен келісімшарт жасаспаған. Сондықтан сотқа бере алмайды. Сондықтан өрескел түрде газдан ажыратып жатыр.», – деді жергілікті тұрғын Исахан Шәдібеков.
Тұрғынның айтуынша, ашынған көпшілік алдына аудан әкімінің орынбасары мен аудан прокурорының орынбасары келген. Алайда олар орын алған ахуалмен таныс бола тұра, шарасыздық танытқан.
«Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңнамасының 17-бабында көзделген, тауарлық газды бөлек есепке алуды жүргізу жөніндегі шарт талаптары бұзылған жағдайларда, газ тасымалдау немесе газ тарату ұйымы немесе топтық резервуарлық қондырғылардың иесі бұзушылықтар жойылғанға дейін тұтынушыға тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді біржақты тәртіппен тоқтата тұруға құқылы екені көрсетілген.
Көгілдір отынның ақшасын төлемеген тұрғындардың айтуынша, олардың 100 мың теңге көлемінде қарызы бар. Компания өкілдері үш үйдің құбырын ажыратып, газ беруді тоқтатқан.
Бұған дейін тұрғындар желтоқсаннан бері тариф бағасының негізсіз қымбаттағанын айтып бірнеше мәрте жиналған. Оларға сол кезде жауаптылар мәселені шешуге уәде берген.
2023 жылдың 1 сәуірінен бастап газ тарифі 28 теңге 98 тиынға, яғни 17%-ға дейін төмендетілген. Алайда, бұл шешіммен газбен қамтамасыз етіп отырған ЖШС келіспейтіндігін жеткізген.
«Прокуратура мен электр энергиясының көтерме сауда нарығын бақылайтын департамент шынымен де заң бұзушылықтардың болғанын анықтады. Сол үшін де тариф бағасын төмендетті. Бірақ «Сигма-ГАЗ» ЖШС бұл шешіммен келіспейді. Жылыту уақытына дейін толыққанды шешіледі деген ойдамыз», – деді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Марлен Қасенов.
Оның айтуынша, тұрғындардың осы уақытқа дейін жиналған қарызын үш ай мерзімде бөліп төлеу үшін компаниямен келісім жасалған және ешқандай айыппұлдар салынбайды. Ал «СИГМА-Газ» компаниясы бұл мәселе бойынша жауап беруден бас тартты.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 2023 жылдың 17 қаңтары аралығында аталған субъектінің қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Анықталған заң бұзушылықтардың нәтижелері бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті «Сигма-ГАЗ» ЖШС-ге 2 миллион теңгеден астам айыппұл салып, газбен жабдықтау қызметтерінің тарифтері мен бағаларын қайта қарау үшін уәкілетті органға жүгінді.
Талдау нәтижесінде 2023 жылғы 10 наурызда тауарлық газды газ тарату құбырлары арқылы тасымалдау тарифін 7 300,94 теңгеден 3 136,38 теңгеге дейін /1000 м3 (ҚҚС-пен) немесе 57,04%-ға, яғни 4 164,56 теңге/1000м3 (ҚҚС-ты ескере отырып) төмендетілді.
Сондай-ақ 2023 жылғы 10 наурыздағы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің дәлелді қорытындысымен жабдықтау үстемесі және 28 945,22 теңге/1000м3 (ҚҚС-пен) мөлшерінде, оның ішінде 2023 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіле отырып, тұтынушылар топтары бойынша негізделген шекті баға бекітілді:
- тұрмыстық тұтынушылар (жергілікті тұрғындар) үшін – 34 755,5-тен 28 945,22-ге дейін, төмендеу 16,7%-ды немесе 5 810,28 теңгені құрады;
- басқа заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін – 34 755,5-тен 32 106,15-ке дейін, 7,6%-ға немесе 2 649,35 теңгеге азайды;
- мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті және (немесе) тұрғын үй көмегін алатын тұрмыстық тұтынушылар үшін – 34 755,5-тен 23 156,18-ге дейін, 33,37%-ға немесе 11 599,32 теңгеге азайды.
Қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда, әрбір тұтынушы өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аймақтық департаменттеріне хабарласуға құқылы.