Қазақстандықтар арасында вахталық жұмысқа сұраныс артып келеді. Ұлттық статистика бюросына сүйене отырып жасалған ranking.kz мәліметінше, 2022 жылдың 4-ші тоқсанында 125,9 мың адам вахталық жұмыспен айналысқан.
Олардың ішінде вахталық режимдегі жұмысшылардың жартысынан көбі (56,4%) ауыл тұрғындары болды. Ал қала тұрғындарының үлесі – 43,6%.
Барлық вахташылардың 51,2%-ы үйлерінен алысқа бармай, өз облысының ішінде жұмыс істеген. Тек жұмысшылардың 39,2%-ы өз облысынан тыс аймаққа жұмыс істеуге барған.
Сондай-ақ 125,9 мың вахташының 87,6%-ын ер адамдар құраса, әйелдер 12,6% болған.
Тағы бір қызық дерек: барлық вахтадағы жұмысшылардың төрттен үш бөлігі немесе 94 мың адам үйіне айына кемінде 1-2 рет келген. Үйінде 1 айда 1 реттен аз болатын адамдардың үлесі – 25%.
Enbek.kz электрондық еңбек биржасында вахташылар үшін 1,2 мың бос жұмыс орнына 366 хабарландыру орналастырылан. Оның ішінде 93 жұмыс ұсыныс өндіріс саласынан, 62 мұнай-газ индустриясынан және 51-і құрылыс және сәулет секторына қатысты.