Бүгін «Ұмай» ипотекасына өтінім қабылдау басталды. Дегенмен аталмыш бағдарламаның орын саны түске дейін толып, өтінім беру жарты күнге жетпей аяқталған. Банк бөлімшелерінде күні бойы кезекте тұрып, құр қол қайтқан аналар бұл мәселеге наразылығын білдіріп жатыр, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Отбасы банкінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында желі қолданушылары 500-ге жуық шағым пікір қалдырған. Азаматтардың басым көпшілігі «Ұмай» ипотекасына өтінім қабылдау осыншалық жылдам біткеніне сенбейді және бағдарламадағы орындар алдын ала шешіліп қойғанын топшылайды.
«Соңғы уақытты Қазақстанның бағдарламаларын қуып жете алмайтын болдық. Бәрі «маған жете алмайсың» болып кеткен», – деп пікір білдірді Айнұр Дүйсекева есімді желі қолдаушысы.
Ал Гүлжамал Күлдрахманова еліміздің азаматтары тағы да бос сенімге алданып қалғанын айтады: «Қысқасы, біз тағы да алдандық, арулар. Таңертең онлайн өтінім берілмеді, өйткені сайт істемей тұрды. Ал 11:15-те банкте өтінім беру жабылды. Бұл адамдарды мазақ қылу емес пе? Онлайн өтінім беруге болады деп неге өтірік ақпарат таратты? Одан да азанымен банкке бару керектігін ескертпей ме? Менің түсінгенімше, банкке алдын ала бәрін білген дөңкейлердің таныс-туысқандары барған».
Тағы бір желі қолданушысы бағдарламаға қатысты толық ақпарат таратылмағанына қапалы:
«Отбасы банктің барлық желілеріне шағым тастап, жаптыру керек. Неге қосымша ақпарат айтпайды? Банкке жолдасыңмен бірге келу керек екенін және үйдің алдын ала бағалауын жасап қою керектігін неге ескертпейді? Бәрін өздерінің адамдары алып отыр», – дейді Жанлай Тағыбергенова.
Азаматтардың көптеген шағымына байланысты жолдаған сауалхатқа «Отбасы банкі» келесідей жауап берді:
«Өтініштер онлайн және офлайн қабылданды. Азаматтар кезекпен тұрып құжаттарын табысырды. 15,6 млрд қаржы игерлгендіктен бағдарлама өз аяғына жетті. Алдағы уақытта қанша адамның құжаты қабылданғаны жайлы ақпарат шығады», – деп жауап берді «Отбасы банк».
Айта кеткен жөн, бұған дейін 48 секундта біткен 4%-дық автонесиелеу бағдарламасы да ел арасында дау тудырған.