Елімізде өзгелерге үлгі боларлық кәсіпкерлер аз емес. Шағын және орта бизнесте жүріп-ақ, үлкен қаржы айналымдарын жасап, азаматтарды жұмыспен қамтып отырған жандарды kazbusiness.kz оқырмандарға таныстырады. Алғашқы кейіпкеріміз Атырау қаласының тұрғыны, 42 жастағы Рахат Құлмағамбет. Кәсіпкер отбасылы, үш қызы және бір ұлы бар.
– Қайырлы күн, Рахат мырза! Өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз. Атырауға қашан келдіңіз? Қазіргі таңда қандай кәсіппен айналысып жатырсыз?
– Қайырлы күн! Атырауға 2003 жылы оқу бітіріп келдім. Қызылордада жұмысқа тұра алмадым. Негізі сонда оқу бітірген мамандығым әкімшілік басқару бойынша жұмыс істеу керек едім. Алайда, ашығын айту керек, жұмысқа тұру үшін түсіме кірмеген соммадағы ақша сұрады… Сөйтіп ол жерден кеттік. Мемлкеттік қызметті бастамай-ақ бірден тастадық.
– Неге Атырау қаласын таңдадыңыз?
– Қызылордада үйде жата бермейін деп бір айдай құрылыста істедім. Күніне 500 теңге алдық. Атырауда мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп жүрген досым шақырды. «Тіл білесің ғой. Қазақша, түрікше. Лицей бітіргенсің. Мында қазір құрылыстың кезеңі жақсы жүріп жатыр. «Теңіз» бар, «Қарабатан» енді ашылайын деп жатыр. Кел, бағыңды сынап көр», – деді. Атырауға 248 теңгемен келдім. Үйден анам мен ағаларымды ескертіп, әкем рұқсат бермесе де кетіп қалдым. Бірақ мұнда келіп, пойыздан түскен кезде бірден кері қайтқым келді (күледі). Маса, күн ыстық, бөтен қала, қалтамда ақша жоқ. Не істеп жүргенімді өзім түсінбедім, мүлдем. Бірақ, қалдым…
– Қазір білуімізше, арнайы киім саласында жұмыс істеп жүрсіз? Бұл салаға не үшін және қалай келдіңіз?
– Иә, сауда саласы, арнайы киім бойынша. Бұрынғы істеген жұмысым әсер етті. Ол осындай арнайы киім сататын мекеме еді. Сосын осы саланы жақсы меңгерген соң, жеке шығып, өз ісімді қолға алдым. Әсіресе, жеткізу қызметі бойынша дамыттым.
–Тұтынушыларыңыздың қанша пайызын жергілікті халық және қанша пайызын шетелдікдер құрайды?
– 60-65%-ы шетелдік мекемелер.
– Осы орайда, өз ойыңызды білгім келеді. Жалпы, Атырауға кез келген адам келіп, ешбір таныс-тамырсыз кәсіп бастай алады ма?
– Әрине! Тіпті қазір де бастай алады. Мысалы, қазір Атырауда жеке қорғану құралдарын сататын 72 мекеме бар. Әрқайсысының өзіндік сегменті бар Жүргеніне байланысты несібесі бар, тұтынушылары мен нишалары бар. Жұмыссыз жүрген ешкім жоқ. Үлкенді-кішілі сауда айналымдары бар.
– Қазір сіздің мекемеңізде қанша адам жұмыс істейді? Бір адамға орташа табыс қанша шығады?
– 8 адам жұмыс атқарады. Орташа жастары 35-40 жас. Бір адамға бәрін қосып есептегенде 450 мың мен 520 мың теңге арасында айлық төленеді.
– Керемет! Әрбір кәсіпкер үшін маңызды сұрақтардың бірі: кадрлар алмасуы қалай? Алғаш рет қызметкеріңіз жұмыстан кетемін дегенде қалай болдыңыз?
– Иә, басында жұмыстан кеткендер көп болды. Алғашқыда ауыр қабылдадым. Кейіннен тренингтерге қатысып, кадрлар алмасуы қалыпты құбылыс екенін түсіндім. Мамандар келеді-кетеді. Ең бастысы, сен өз салаңда дұрыс әрекет етсең, өз салаңды жетік меңгерсең, ол нәрсе қатты маңызды мәселе емес деп ойлаймын. Қазіргі қасымдағы мамандар біразжылдан бері осы ұжымда еңбек етіп келе жатқан жандар. Арасындағы ең ұзақ жұмыс істеп жүргені 41 жаста, 9 жылдан бері бірге тер төгудеміз.
– Болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз? Осы салада қаласыз ба, әлде басқа істі қолға алу ойыңызда бар ма?
– Шынымды айтсам, қазір кофморт аймақта жүрген секілдімін. Алдағы уақытта осы жұмысты іште жүрген жігіттерге тапсырып, өзім тек сырттай бақылап, тексеріп, басқа салаға ауысқым келеді. Басқа қала, тіпті басқа мемлекет болсын. Жаңа кәсіп бастауға да талпынысым бар.
– Ал осы жерде өндіріс ашу деген ойда жоқ па?
– Жоқ, қиындық барлық жұмыста бар ғой. Бірақ өндіріс ашу саласында жұмыс істеп көрмегенсін, қалай болатынын аса білмеймін. Ол бөлек кәсіп түрі. Өндіру бөлек, сауда бөлек нәрсе. Сондай-ақ өндіріс өзін ұзақ уақытта ақтайтын кәсіп, сауда секілді тез емес.
– Егер құпия болмаса, ең үлкен бір реттік тапсырыс соммасы қанша теңге болды?
– 90 миллион теңге. Оны бір жарым айда толығымен орындадық. Ол кезде өзімнің бюджетім жетпеген соң, жартысына сырттан инвестор тарттық. Бәрі риза болды.
– Керемет! Жаңадан кәсіп бастап жатқан жандарға қандай кеңес бересіз? Атырауда өз филиалдарын ашамын деушілерге не істеу керек?
– Ең алдымен, қай сала болмасын – сервис мәселесі. Егер Атырауда сервис жақсы болса, мүмкіндік өте көп, себебі бәсекелестер әлі аз. Екіншіден, жасақталған командамен келсе тіпті жақсы, бастау оңай болады.
– Шетелдік компаниялармен жұмыс істеген тиімдірек пе?
– Қазіргі таңда отандық болсын, шетелдік компания болсын маңызды емес. Себебі, қазақстандық компаниялардың деңгейі өскен.
– Егер он жылға кері қайтуға мүмкіндік болса, барлық қиындығына қарамай осы кәсіпті қайта таңдар ма едіңіз?
– Әрине, осы жолды қайта өтуге дайынмын. Тіпті, осы ісімді сол кездерге қарағанда еселеп арттыруға тырысатын едім. Кейде бірден көп ақша тапқанда, алдағы бір-екі ай жұмыс істемей, жалқауланып кеткен кездеріміз болды, соны түзетіп, ақша көбірек табуға тырысар едім. Процесс қызық, жеке жұмыстың берекесі көп. Қиыншылық барлық салады болады ғой, шыдап, қашпау керек.
– Сіз білетін тілдердің қайсысы көбірек пайда берді? Кәсіпкерлерге қандай ақыл айтар едіңіз?
– Ағылшын тілі әрдайым актуалды ғой. Өзім алғаш кәсіп бастағанда ағылшын тілі көп көмегін тигізді. Орыс тіліне қарағанда, басымдығы жоғары. Қанша тілді меңгерсең де артық болмайды.
– Сұқбатыңызға рақмет! Жас кәсіпкерлерге қажет мағлұматтар көп айтылған сияқты. Ісіңіз алға баса бесін, сау болыңыз!
– Кәсіпкерлерді насихаттап, қолдап жүргендеріңіз үшін сіздерге де рақмет!
Cұқбаттасқан: кәсіпкер, блогер Қуаныш Шаханов