Кәсіп жасаймын деген адамға кедергі жоқ. Әсіресе қазіргі таңда шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан беріліп жатқан көп мүмкіндіктің арқасында кәсібіңізді кез келген жерде дөңгелете аласыз. Тіпті түрмеде де!
Бұған таяуда облыс орталығында әр аудандардан жиналып бас қосқан іскер азаматтар мен журналистер қауымы анық көз жеткізіп қайтты.
Анықтап айтқанда, Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Алматы және Жетісу облыстарының ҚАЖ Департаменті жергілікті кәсіпкерлерді бірлесе жұмыс жасауға шақыруда. Осы мақсатта бизнес өкілдері үшін абақтыда орналасқан кәсіпорындарға ашық есік күні ұйымдастырылды.
Жалпы облыс аумағында №10, №12, №14 және №57 түзеу мекемелерінде өндірістік кәсіпорындар жұмыс жасайды. Сотталғандар жазасын өтеу барысында түрлі кәсіпті меңгеріп, қабілеттерін шыңдап жатыр.
Құзырлы мекеме өкілдерінің сөзіне сүйенсек, абақтылар қабырғасында тіпті қысқа мерзімде белгілі бір кәсіпке машықтандыратын колледждер ұйымдастырылған. Сол жерден бүгінде бас бостандығынан айырылғандар ұсталыққа, тігіншілікке қолдарын үйретіп, түрме аумағындағы өндірістік базаларда іске жұмылған.
Заречный кентіндегі аса қатаң тәртіптегі колония. Сыртқы бейбіт өмірдің кеңдігі мен қадірі мекеменің тексеру бекеттерінен өтіп жатқанда-ақ түсіне бастайтыныңыз анық. Түбегейлі тексеріс, темір есік, суық әрі қараңғы дәліздер…
Хош! Қашықта орналасқан өндірістік базаға кіреберіс бұл жолы осындағы жұмысшылардың қолынан шыққан бұйымдардың көрмесімен көмкеріліпті. Бір қарағанда көздің жауын алатын бұйымдар дәл зауыттан алынғандай, өте әдемі!
Бұл жерде біз Данияр есімді азаматты әңгімеге тарттық. Кесілген 10 жылдың 7 жылын өтеп біткен ол бұл өндірістік базада жаңа жұмыс орындарының ашылуы бас бостандығынан айырылғандар үшін үлкен мүмкіндік екенін жеткізді.
- Осында отырғандардың барлығы, былайша айтқанда уақыт санап отырғандар ғой… Ал мұнда жұмыспен істеу арқылы әр сағатың мағыналы өтеді, бар ойыңды сүйікті ісіңе арнап, пайдалы дүниемен айналысып жатқаныңды түсінудің өзі ерекше сезім. Бұдан бөлек кәдімгідей жалақы аламыз. Менің өзімнің алатын 70 мың теңгеге жуық қаражатымның жартысы санкция арқылы кесілген айыппұлға кетсе, қалғанын дүкеннен керек-жарағымды алуға жұмсаймын. Тіпті артық алып жатса, отбасыңа жіберуге болады. Сондықтан, осындай өндіріс орындары өркендей берсе нұр үстіне нұр болар еді, – деп ағынан жарылды…
Бұл базада ағаштан түрлі бұйымдар жасап, темірден түйін түйетін ұсталар еңбекпен қамтылған. Барлығы кезінде өмірде шалыс басып темір тордың арғы бетінен табылған жандар. Бірақ, олар қазір қоғамнан оқшауланғанымен мұнда өздері үшін пайдалы, арғы беттегі адамдар үшін қажетті дүниемен айналысып жатқандары қуантады. Себебі, бұл базадан орынды аздаған ақшаға жалға алып, жұмысшыларға ең төменгі жалақыны ұсынып, бірақ тәп-тәуір заттарды жасатып алып отырған кәсіпкердің бар уайымы – дайын өнімді нарықта өткізе білу.
- Жалпы, бір жүйеге қойып алсаңыз мұндағы бизнестен ұтатын тұстар көп қой әрине! Қолжетімді жалға алу ақысы мен арзан жұмыс күшінен бөлек сол жұмысшылардың іс басына уақытында келіп, уақытында кететіні маңызды. Яғни, әдетте кез келген кәсіпкер қажетті маман табудан бөлек, бар қызметшінің түрлі отбасылық не өмірдік жағдайлармен жұмысқа келмей қалуымен, тіпті, мүлдем шығып кетуімен тығырыққа тіреліп жататыны жасырын емес. Мұнда ол жағынан мәселе жоқ, – дейді түрме төрінде кәсібінің нәсібін көріп отырған азаматтардың бірі.
Сондай іскер азаматтың бірі Александр. Ол қазір осындағы түрмелердің бірінің өндірістік базасында балалар алаңына қажетті әткеншектер мен құрал-жабдықтар жасауда. Сұхбаттасымыз өзінің де бұрын істі болып осы абақтыда біраз жыл отырғанын, сол кезде біреудің қол астында еңбек етіп, уақытын өткізгенін еске алды. Кейіннен, жазасын өтеп болған соң өзі де жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тағдырлас адамдарды жұмыспен қамтуды жөн деп шешкен. Қазір оның қарамағында 20-ға жуық сотталушы өз нәпақысын тауып жүр.
- Түрме тұтқындары жұмысқа кіріскенде, жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы қарым-қатынас басталады. Олардың өткен өміріне, жасаған қылмысына, темір торда отырғанына мән берілмейді. Ол – өзінің құқығы мен міндеті бар толыққанды жұмысшы», – деп түсіндіреді «Еңбек-Жауғашты» бөлімшесі директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Қуаныш Кемелов.
Рас, «Еңбек-Жауғашты» бөлімшесі қарайтын «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорны кәсіпкер, түрме басшысы мен жазасын өтеушілер арасындағы алтын көпір саналады. Аталған мекеме еліміздегі түзеу колонияларының аумағында бизнес алаңдарын құрумен айналысады.
Бұл №10 түзеу мекемесінде өндірістік кәсіпорындар 7700-ден астам шаршы метр аумақта орналасқан. Онда 190-ға жуық жазасын өтеушілер еңбек етуде. Бұл абақтыда ісін бастаймын деген кәсіпкерлерге 3582 шаршы метр бос аймақ пен 600 шаршы метр қойма аумағы бар.
Негізінен мұнда тігіншілікке жақсы жағдай жасалған. Қазірдің өзінде жеке кәсіп иелері осындағы жазасын өтеушілерді жұмыспен қамти отырып тендерден ұтып алған мемлекеттік тапсырыстарын жүзеге асыруда. Бұдан бөлек сүт, консерві өнімдерін шығару, наубайхана жұмысы, тағы да басқа кәсіпкерліктер жүйелі жолға қойылған.