Облыс орталығында тігін ісі бойынша 25 әйел және Жамбыл ауданында кондитерлік өндіріс бойынша 26 әйел жаңа мамандық меңгеруге кірісті. Курстарда кәсіпкерлер, көп балалы аналар, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан әйелдер білім алуда.
– Облысымызда әйелдер кәсіпкерлігін белсенді дамып келеді. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында сервистік және ақпараттық қызметтер қолжетімді. Өткен жылдың қараша айында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды, онда кеңестер мен жобаларды сүйемелдеу түрінде қолдау көрсетіледі. Оқыту ӘКДО-ға өтініш білдіргендердің ұсыныстары ескеріле отырып ұйымдастырылған. Тегін курсты тәмамдаған соң сіздер маман ретінде өз кәсіптеріңізді ашуға немесе жұмысқа орналасуға мүмкіндік аласыздар, – деді Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Сәния Наурызбаева.
Талдықорғанда оқыту «Didakt.kz» ЖШС оқу орталығында ұйымдастырылған. Болашақ тігіншілер киімдерді үлгілеуді, құрастыруды, тігін жабдықтарының негіздерін, тігу технологиясын, материалтану, басқа да маңызды дағдыларды үйренеді. Талдықорған қаласының тұрғыны Роза Сыртанова тігін ісіне оқып жатыр. Декреттегі ана жаңа мамандық алып, өз ісін ашуды жоспарлап отыр.
– Бірнеше күн ішінде бірқатар негізгі дағдыны меңгердік. Қазір модельдеуді үйренудеміз. Оқудың арқасында тігін технологиясын, қандай материалдар керегін түсініп келемін. Оқуды ұйымдастырған ӘКДО алғысым шексіз, – дейді Роза Сыртанова.
ӘКДО мен іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен Көксу, Ақсу аудандары мен Текелі қаласында киім-кешек пен ұлттық бұйымдар шығаратын тігін цехтары іске қосылады. 100-ден астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Онда, негізінен, көпбалалы және ерекше қажеттіліктері бар әйелдер, жас қыздар жұмыс істейтін болады.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Алматы облысы