1. Кәсібіңізді ашар кезде серіктестер табуға асықпаңыз.
«Жалғыздың үні шықпас» десе де, бизнес – бұл сенің әлпештеп өсіретін балаң. Ертең сені асырайтын, саған пайда әкелетін бастамаң. Ал кәсіпті бастау үшін әрине қаражат керек. Ақшаңыз аз болса, кәсіпке капитал салушы инвесторды іздей бастайсыз. Қызықтың көкесі осыдан басталады. Көбінесе сырттан келген адамдар беріліп жұмыс істеуді және кәсіпті өркендетуді жоспарламайды. Кейбіреулері тіпті тырнағын қимылдатқысы жоқ. Сіз таңның атысы, күннің батысы тер төгіп, еңбек етесіз, бизнес құрасыз. Ал бизнес қысқа мерзімде пайда әкелмейді ғой. Капитал салған инвесторлар 2-3 ай өте салысымен пайда тапқысы келеді. Дегенмен бизнес жаңа туған нәресте іспеттес – оны тамақтандыру керек, қажетті жағдайын жасау керек, одан әрі дамитын ортаны ұйымдастыру керек. Қаражат беруге дайын серіктестер баршылық, бірақ бизнесті дамытуға күш салмай, бірден пайда тапқысы келетіндер де көп. Мұндай жағдайда бизнес жұмыс істемейді. Бастаған кәсібіңді аяғына нық тұрғызбайынша ешқандай серіктестер, инвесторлар болмауы керек. Бизнес өз иесіне пайда әкелмейінше, серіктестерді тартудың қажеті жоқ. «Ақша бар жерде албасты бар» демекші, мұндай жағдайда әртүрлі қақтығыстардың пайда болуы сөзсіз. Бизнесті бөлу туралы дау-дамай басталып кетеді. Біреу тірнектеп ақша тапса, екіншісі тер төкпей-ақ бірден байлыққа белшесінен батуға дайын тұрады. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық». Бұған менің көзім жетті.
2. Адамдарды басқару тәжірибеңіз болмаса, кәсібіңіз жүрмейді.
Егер адамдармен қарым-қатынас жасау тәжірибеңіз болмаса, оларды басқару қиын болады. Бизнесті алдыға ілгерлету үшін қол астындағылармен жұмыс істеудің интеллектуалды және эмоционалды компонентін түсіну керек. Бизнесте эмоция керек емес. Егер басқарушы нақты тапсырма берсе және оны орындау уақытын белгілесе, онда орындаушы өз міндеттерін дұрыс және уақытылы орындауы керек. Өйткені ол сізге қолғабыс болуға, бизнесіңізді ілгерілетуге мүдделі болуы тиіс.
3. Барлық бизнес-процестердің жоспарын дұрыс анықтап алмай кәсіпті жүргізуге болмайды.
Жеткізілім, тексеріс, қоймалау, есептік құжаттар және т.б. процестерді құру қажет. Әрбір қызметкер өз жұмысын жақсы білуі шарт. Мысалы, қоймаға жүк келді делік. Оны қабылдаған адам тауарды кіріске алу үшін қандай құжаттарды бухгалтерияға апару керектігін білуі керек. Әрбір қызметкердің физикалық орындалатын функционалы егжей-тегжейлі сипатталған және құжатталған жұмыс процесі болуы тиіс.
4. Заңдарды білмеу жауапкершіліктен босатпайды.
Кәсіппен айналысатын адам кем дегенде ҚР Еңбек кодексін, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексін, Салық заңнамасын жақсы білуі тиіс. Еңбек кодексі 2015 жылдан бастап бірнеше рет қайта жазылды. Сондықтан барлық өзгерістер туралы хабардар болу өте маңызды. Заңдарды жақсы білу жұмыс берушіге қызметкерлермен дұрыс қарым-қатынасты реттеуге көмектеседі, ал қызметкерлер өз кезегінде заң бойынша өздеріне берілген айрықша құқтарын пайдалана алады.
5. Туыстарыңызды жұмысқа қабылдамаңыз (мүмкін болса).
Көбінесе бұл нақты белгіленген функционалдық міндеттері мен есептілігі жоқ қажетсіз қызметкерлер. Қазіргі уақытта компанияның иелері отбасылық бизнесті бастағысы келеді: шағын кофеханалар, мейрамханалар, бутиктер ашады. Бизнесте сіз өзіңіздің нақты көзқарасыңыз болуы керек және қызметкерлеріңізбен қандай қарым–қатынаста екеніңіз маңызды емес. Туыстарыңыз бизнесіңізге зиян тигізбеуі керек, олар да басқа қызметкерлер сияқты жалдамалы жұмысшылар. Егер сіздің әпкеңіз, ағаңыз немесе құдаңыз жұмыс істегісі келмесе, бірақ жалақысын уақытылы алып отырғысы келсе, онда мұндай отбасылық бизнес бір жылдан кейін құлдырап, жоқ болады.
6. Бизнестегі алғашқы жеңістен кейін босаңсымаңыз.
Алғашқы жетістіктен кейін адам масайрап қалады және бизнесі енді өзі үшін жұмыс істейтініне сенімді болады. Бұл қате пайым. Мысалы, әлеуметтік желілер, жарнама бір орында тұрмайды. Instagram, YouTube арналарында жарнаманы орналастыру ережелері мен алгоритмдерді үнемі өзгеріп отырады. Бірақ ескі тәсілмен газет-журналдарға жарнама беретіндер әлі де бар. Бұл ескірген тәсіл. Кәсіп иесі, басқарушы заманауи трендтерден, маркетингтегі әртүрлі айлалардан хабардар болуы керек. Осылайша аудиторияны қызықтыратын заттарды біліп отыруы және оны уақытылы қолдана білуі керек. Жеңіс – бұл, ең алдымен, қажетті нәтижеге қол жеткізу процесі.
дереккөз: www.ismet.kz