№1. Жалдамалы жұмысшыға қарағанда жеке кәсібімен айналысқан адам ерекше рахат алады
Өз кәсібіңмен айналысу – жетістікке жетумен пара-пар. Демек кәсіпкерлер нағыз өмірдің рахатына кенеліп, айналысатын ісі өзіне қуаныш әкелетіндер.
Шындығында қалай?
Жеке кәсіп қаржылық шығынды ғана емес, көп уақытты талап етеді. Сондықтан өмірдің басқа маңызды бөлігіне уақыт жетіспей жатады. Simply Business аталатын сақтандыру брокерлері қызметін ұсынатын компания жасаған зерттеу көрсеткендей, Ұлыбританияда 1 миллионнан аса шағын кәсіп иелері жұмысы үшін отбасылық және әлеуметтік өмірін қатерге тігеді екен. Атап айтқанда, олардың 750 мыңы жазғы демалыстарын балалармен бірге өткізе алмайды.
Осылайша, отбасымен мүмкіндігінше көп уақыт өткізгісі келетін адамдар үшін қарқынды жұмыс кестесі оларды күйзеліске түсіреді. Көп адам үшін бос уақыттың табылмауы күрделі проблемаға айналуда. 2015 жылы Калифорниядағы Сан-Франциско университетінің, Беркли және Стэнфорд университетінің ғалымдары кәсіпкерлердің психикалық денсаулық жағдайына зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, 242 кәсіпкердің 49% -ында психологиялық проблема бар екені, оның 30% -ы депрессиядан зардап шегетінін айтылды.
Сонымен қатар, Ұлыбританияда кәсіпкерлердің 18% -ы жұмыс кезіндегі стресс бизнеске әсер ететінін атап өткен. Аталған мәліметтерді ескере отырып, жеке кәсіп барлығына бірдей бақыт сыйлайды деп кесіп айту қиын. Көп кәсіпкер үшін бәріне бірдей тиісті уақыт бөле алмау психологиялық тұрғыдан ауыр жағдай екен.
№2. Шағын кәсіпке бизнес-жоспардың қажеті жоқ
Шағын кәсіп бастау үшін бастысы идея мен талпыныс болу керек. Ал бизнес-жоспар құрудың маңызы жоқ, өйткені ол тек ірі компаниялар үшін тиімді.
Шындығында қалай?
Солтүстік Каролинадағы “Шағын кәсіп орталықтарының желісі” бизнес-жоспардың маңыздылығын былай түсіндіреді. Көбіне жаңадан басталған кәсіп үш жыл көлемінде тақырға отырады. Дәл бизнес жоспар арқылы проблеманы алдын алуға болады. Жоспар сіздің кәсіп қайда және қалай қозғалатынын көрсететін жол картасы іспеттес.
Бизнес-жоспар – бизнестің негізін, өнімдер мен қызметтерді, бағдарланған нарықты, бизнес мақсаттар мен оларға жетудің кезеңдерін сипаттайтын құжат. Кәсіп өрлегенде бизнес-жоспар компанияның кеңею, дамуын болжау үшін пайдалы. Қажет болған жағдайда компанияны сатудың немесе жабудың стратегиялары мен мерзімдерін қамтуы мүмкін.
Австралиялық Кәсіпкерлікті Зерттеу Орталығы шағын фирмалар үшін бизнесті жоспарлау оң нәтиже беретінін, оның бірақ мәдениет пен менталитетке байланысты екенін анықтады. Атап айтқанда, кей елдерде жаңа кәсіпорындардың құрылуы қауіпті болып саналады.
1970 жылдары голландиялық әлеуметтанушы Герт Хофстеде әлемнің 70 елінде жүргізген мәдениаралық зерттеуі нәтижесінде мынадай қорытындыға келген: Кей елдерде тұрғындардың экономикалық, саяси немесе әлеуметтік өзгерістерге бейімделуі қиынға соғады. Бұдан басқа, олар тұрақтылықтың жоғалуынан қорқады. Атап айтқанда, олар еңбек жағдайына мен жалақысына көңілі толмаса да, сол отырған жерде қала беруді жөн көреді.
Мұндай адамдардың тұрақтылықты бағалайтыны соншалық, жағымды өзгеріс үшін де басын қауіп-қатерге тігуге дайын емес. Сондықтан, мұндай елдерде жеке бизнес бастау қиын. Сондай-ақ, керісінше, кей елде адамдар өзгерістерге және жаңа жағдайларға бейімделуге, кәсіпті өзгертуге, жаңа кәсіпорындар құруға дайын. Сондықтан, мұнда бизнесті жоспарлау әлдеқайда тиімді.
Тағы бір маңызды мәселе, табысты компания құру үшін құрғақ идея жеткіліксіз. Кешенді жоспарлау: нарықты талдау және бәсекеге қабілетті өнім талдау, бағаны белгілеу, өндіріске жарамдылық және инвестициялардың қайтарымы маңызды.
№3. АҚШ-тың барлық стартаптары сәтті
АҚШ – бұл мүмкіндіктер елі. Мұнда армандар орындалады.
Шындығында қалай?
Америка Құрама Штаттарында стартаптардың саны өте көп – 45 745 (Global Startups рейтингі бойынша). Ресейде қазір 600-ден кем инновациялық стартап бар. Жыл сайын АҚШ-тағы фирмалардың шамамен 10-12% ашылып-жабылады. Демек, бір кәсіпорынның жетістікке жетуі басқалары да дәл сондай болады деген сөз емес.
Гарвард бизнес мектебінің оқытушысы Шикар Гоштың айтуынша, АҚШ стартаптарының 70-80% -ы инвестициядан келетін қайтарымды сезінбейді, сондықтан көптеген компания сәтсіздікті қалыпты жағдай деп қабылдайды. Мысалы, Силикон алқабында компанияның апатқа ұшырауы сәтсіздік деп саналмайды, оң тәжірибе ретінде қарастырылады.
№4. Шағын кәсіп те де, орта кәсіпте де қолданылатын басқару ережесі бірдей
Бизнес – бұл бизнес және барлық жерде ереже мен талап бірдей.
Шындығында қалай?
Harvard Business Review шағын және орта кәсіпті жүргізу ережелерінің арасындағы айырмашылықты түсіндіретін мақала жариялады. Ірі кәсіпорындарда жылдық өсім аз, сондықтан қаржылық есепте тепе-теңдік байалады.
Шағын бизнесте тепе-теңдік сақтау қиын. Шағын бизнес көбінесе сатылымға қатысты маусымдық ауысымдарға тәуелді болады. Мұнда өсу де, құлдырау да тез болады. Сонымен қатар, шағын бизнес субъектілері ақша ағындарының болжамын үнемі жаңартып отыруы керек (айына кемінде бір рет). Сайып келгенде, әрбір бизнестің өз ережесі бар және ол айтарлықтай ерекшеленеді.
№5. Стартаптағы ақша ағынын жиі бақыламауға болады
Кәсіп бастар алдында жобаның идеялық мазмұнына көбірек көңіл бөлу керек. Ақша ағынын бақылауды бірінші орынға қоймай-ақ қоюға болады.
Шындығында қалай?
Ақша ағыны – бұл қаражаттың бизнес ішіндегі және одан тыс қозғалысы, яғни бизнестің төлем қабілеттілігін анықтайтын пайда мен шығыс. Егер ақша ағымы бақыланбаса, стартап ойдағыдай болмауы мүмкін. Мұндай қорытындыға Startup Genome стартап-зерттеу компаниясы 3200 жас компания мәліметтері негізінде келген.
Шағын кәсіпорындарды басқаруда кеңес беріп көмек көрсететін Wasp Barcode Technologies 2017 жылы АҚШ-тағы шағын бизнестің жағдайы туралы есеп жариялады. 1100-ден астам шағын кәсіпорындарды зерттеу барысында олардың 55%-ы өз активтерін қадағаламайтыны белгілі болды.
Жалпы бұл үлкен проблема, өйткені шағын бизнестің 82% -ы ақша ағымын дұрыс басқармағандықтан сәтсіздікке ұшырайды. Бұған жол бермеу үшін ақша ағынын дұрыс бақылау қажет. Ондай болмаған жағдайда, бизнес қана емес, кәсіп иесінің кірісі де зардап шегеді. Мысалы, сауалнамаға қатысқан респонденттердің 35% -дан астамы өздерінің бірнеше рет жалақы алмаған кездері болғанын айтады.
Ақша ағымын бақылау ақша қорларын құруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жұмысшыларға жалақыны уақытылы төлеуге, төлемдерді жасауға және қолайсыз жағдайлардың орын алмауына мүмкіндік береді. Осылайша, бұл бизнестің өмір сүруге бейімділігін көрсететін маңызды қаржылық көрсеткіш болып табылады.
№6. Әйелдер кәсіпкерлікпен тек экономикасы дамыған елдерде айналысады
Іскер әйелдер экономикасы жоғары елдерде ғана болады. Өзге елдерде әйел адамдар кәсіпкерлікпен айналыспайды.
Шындығында қалай?
Экономиканың өсуі әйелдердің бизнеспен айналысуын төмендетеді, ал экономикасы жақсы дамымаған елдерде керісінше көбейтеді. Бұл тұжырымдарды Global Entrepreneurship Monitor зерттеу орталығы 2016-2017 жылдарға арналған есебінде жасады. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен кәсіпкерлік туралы мәліметтер жинастырылып, әйелдердің қалай және қай жерде кәсіппен айналысатынына талдау жасалды. 74 елдің ішінде Латын Америкасында, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Сахараның шығысындағы Африка мен Канадада әйелдер кәсіпкерлікпен жиі айналысатыны анықталған.
Әйел адам кәсіппен айналысуды экономикалық және әлеуметтік дамудың көзі ретінде қарастырады. Кейбірі отбасына қаржылай көмек көрсету қажеттілігіне байланысты бизнеспен айналысса, ал енді бірі өзін-өзі тану, дамыту мүмкіндіктерін іздейді. Сахараның шығысындағы Африкада әйелдердің көбі кәсіпкерлікпен айналысаса да, одан пайда көрмегендіктен, бизнесті тоқтататуға мәжбүр боп жатады екен. Бизнес бастаушы әйелдердің 56% кәсіп арқылы өмірді өзгерткісі келетіндерін айтады, дәл осылай жауап берген ер адамдар 41% болған.
№7. Шағын кәсіпте тауар мен қызмет бағасы бәсекелестермен салыстырғанда әлдеқайда арзан болуы тиіс
Бәсекелестердің алдында озық болуы үшін қатарға жаңа қосылған кәсіпкер тауарын неғұрлым төмен бағамен сатуы тиіс.
Шындығында қалай?
Солтүстік Каролиндағы “Шағын бизнес орталықтарының желісі” стартапты басқару бойынша оқу құралын жасап шығарған. Онда баға белгілеуге қатысты жақсы ұсыныс айталады: көптеген шағын бизнес үшін төмен баға орнату тиімсіз әдіс.
Біріншіден, табыстың тиісті мөлшері келмейді. Екіншіден, клиенттердің бағаға қатысты ойын білмейсіз. Мысалы, оларды тауар немесе қызметтің бағасы емес, сапасы қызықтыруы мүмкін. Сондықтан сарапшылар, бизнесте орташа бағаны белгілеп, сапа мен қызмет көрсету бойынша бәсекелес болған дұрыс деп санайды.
№8. Көз тартарлық жарнама сатылымды көбейтеді
Неғұрлым көп клиент тартқысы келетін кәсіпорындар көз тартарлық жарнама жасауы керек
Шындығында қалай?
Жарнамалық белгілердің сатылымға әсері жайлы алғашқы кең ауқымды зерттеулердің бірі 1997 жылы Сан Диего университетінде жүргізілді, кейін 2012 жылы жалғасын тапқан. Ғалымдар жарнама белгілерінің фаст-фуд желілері тұтынушыларына әсерін есептейді.
Сатылымның өсуі жарнама дизайнына ғана емес, олардың саны мен орналасқан жеріне де байланысты екені анықталған. Мысалы, осындай қосымша белгіні орнату жыл сайынғы сатылымның 4,75% -ға өсуіне әкелген. Тағы бір қосымша жарнама белгісі клиенттердің жылдық операциялар санын 4 пайызға арттырған.
FedEx жеткізу, апару компаниясы америкалық тұтынушыларға жарнама белгілерінің әсері жайлы сауалнама жүргізген. Клиенттердің 76% -ы сәтті жасалған жарнамалық белгінің арқасында бұрын-соңды бармаған дүкендерге барады. Жарнаманың орналасқан жерінен басқа, дизайнының сапасы маңызды рөл атқаратыны белгілі болған. Демек, клиенттерді жарнама белгісінің айқындығы емес, дизайнының сапасы тартады.