Талдықорғандық кәсіпкерлер жалға алу құнының өсуіне наразылық білдіруде. Кәсіпкерлер сауда үйіндегі жалға беру бағасын төмендетіп, жылдық 2-4 пайыз мөлшерлемесінде несие беруді сұрайды. Бұл туралы қоғам белсендісі Нұр Қанатұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп жазады kazbusiness.kz тілшісі.
«Енді мен не істеймін? Мен сияқты кәсіпкерлер көп. Жалға алу құны ай сайын қымбаттау үстінде. Өмір сүру мүмкін емес бола бастады. Сауда жоқ, қаражат жоқ. Өздеріңіз көріп тұрғандай, сатып алушы жоқ. Біз бір айдың 30 күнінің 15-16 күнін еш табыссыз отырамыз. Мемлекеттен көмек жоқ. Тек қана сауда үйінде емес, базарларда да сондай жағдай. Отыруға мәжбүрміз. Бірақ сауданың жоқтығына байланысты кәсібімізді жабуымызға мәжбүрміз. Қаламыз шағын әрі облыс екіге бөлінді. Жағдайымыз тіпті нашарлай түсті. Баға да күн сайын өсуде. Зейнеткерлер бір ғана зейнетақысына өмір сүреді. Соның өзінде олар бағасы күнде қымбаттап келе жатқан нан, ұн ғана сатып алады. Ел президентіне, облыс, қала әкімдеріне үндеу жариялаймыз. Өтініш: бір шара қолдансаңыздар екен», – дейді бейнебаяндағы кәсіпкер әйел.
Бейнеүндеу жариялаған кәсіпкер сөзіне құлақ асар жан табылса деген ниетте. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның күн сайын өскенінен бұрын, сатып алушының азайғанына наразы. Айлап кіріссіз отыратын көрінеді.
Айта кетейік, кәсіпкердің өтінішіне пікір қалдырушы тараптың да ойы екіге бөлінді. Бірі жағдайдың қиындығына түсіністік білдірсе, ендібірі кәсіпті бастағаннан кейін тәуекелдердің болатынын айтуда. Кейбір желі қолданушылары кей кәсіпкерлердің нарықтағы бәсекелестікке тойтарыс бере алмайтынын жаза жарысуда.
Мысалы Жомарт Мустафин есімді желі қолданушысы видеодағы кәсіпкер әйелдің жағдайына мемлекет кінәлі еместігін алға тартты. Оның айтуынша, кәсіпкер бәсекелестікке толы нарыққа шыдай алмауда.
«Талдықорғанда Мега сияқты ірі сауда орталықтары бар шығар. Тіпті базарда тарқатылған сауда орындары бар шығар. Интернет дүкен, Инстаграмм сауда деген бар. Қысқа қайырғанда саудадағы бәсекелестік өте мықты және оған кез келгені шыдай бермейді. Десе де әр аймақта өз көшбасшылары бар. Халық болса әр маусым киінеді…», – деген өзінің ойын білдірді Жомарт Мустафин.
Сондай-ақ ол кәсіпкерге тауардың басқа сегментін көруге, локациясын ауыстыруға, жарнаманы пайдалануға ұсыныс білдірді. Одан бөлек қалған тауарды сатып 150-200 мың айлыққа мекемеде жұмыс істеуге шақырды. Жазуынша, одан басқа амал жоқ, себебі мемлекет оның жағдайына кінәлі емес.
Ал өз кезегінде Гүлбағиза Омарбаева қазіргі уақытта ешкімге оңай соқпай жүргенін жазды.