Билл Гейтс Американың ең танымал кәсіпкері, әлемдегі ең бай адамдардың бірегейі. Оның есімі байлығы жөнінен «Forbes» журналы бойынша төртінші орында тұр.
Биллдің балалық шағы
Жаһан жаңалығы болған «Microsoft Corporation» компаниясының іргетасын қалап, «Windows» бағдарламасын жасаған тұлға 1955 жылдың 28 қазанында дүниеге келген. Билл Гейтс адвокат Уильям Генри Гейтс пен АҚШ-тың бірнеше ірі компанияларының директорлар кеңесінде басшылық қызметтер атқарған Мэри Максвелл Гейтстің отбасында тәрбиеленген.
Биллдің ерекше дарынмен туғаны, болашақта қандай да бір шыңға шығатыны бала кезінен белгілі болған көрінеді. Оның жан дүниесі еркіндікті қалаған. Бала күнінен-ақ өз тәуелсіздігі үшін күресіп, тек сүйікті ісімен айналысады, қажет деп тапқан пәндерін ғана оқиды. Бірақ мұнысы үшін анасы Биллді көп жазалапты.
Тумысынан дарын қонған Билл ең алғашқы жаңалығын мектеп табалдырығында жүрген уақытында жасаған.
Билл Гейтс пен Пол Аллен
Дәлірек айтсақ, 13 жасында жақын досы Пол Аллен екеуі компьютерлік терминал жасайды. Кейін оған екі түрлі бағдарлама енгізеді. Билл Гейтс мектеп пәндеріне аса қатты мән бермейтін. Керемет үлгерімімен де көзге түсе қоймады. Алайда орта мектептің негізгі бөлігі — 9-сыныпты аяқтайтын қорытынды тестте тек бестік баға алып, Американың үздік 10 оқушысының қатарынан табылады. 10-сыныпқа сүрінбей өткен Билл компьютер сабағынан оқушыларды өзі сауаттандырды.
Өзі оқушы бола тұра білім алушыларға арнайы әдістемелік бағдарлама жасайды. Ал, Пол Аллен оның осы бір талантын іштей қызғанушы еді, тіпті көре алмаушылық сезіміне еріп, Биллдың әр бастамасына тосқауыл болуға тырысатын. Бірақ қанша тырысқанымен талантты досының талабына кедергі келтіре алмайды. Иә, осыйлайша, ішкі-сыртқы арпалыстан жеңіліс тапқан Пол Аллен Биллдің өзіне болашақта қажет боларын ойлап, қайта достасады.
Жылдар өте Билл Пол Алленмен бірлесе трафикті басқару бағдарламасын жазып, Traf-O-Data дистрибьюторлық компаниясын құрады. Бұл 1970 жылдар шамасы еді. Ең алғашқы авторлық жоба бағдарламашылардың қанжығасына 20 мың доллар түсіріп қана қоймай, ұзақ жылдарға арналған жоспарлар жасауға мүмкіндік берді.
1973 жылы АҚШ университеттерінің көшбасшысы саналатын, әлемге әйгілі ЖОО Гарвардқа оқуға түскен Билл Гейтс көп ұзамай ол жерден шығарылады. Өйткені Билл өз білімін тек тәжірибе жүзінде ғана көрсетуді қалап, теориялық жағына ден қоймайтын. Сондықтан да оның студенттік «ғұмыры» қысқа болды. Дегенмен де Гейтс профессорларына 30-ға толмай миллионер болам деген екен. Алайда ол 31 жасында миллиардер атанды.
«Microsoft» қалай пайда болды?
1974 жыл. Пол Аллен Гейтске келе жатып, Гарвард университеті жанындағы газет дүңгіршегінен журнал сатып алады. Бұл «Электроника» журналы еді. Оның мұқабасында «Altair-8080» суреті жарияланып, «Коммерциялық модельдермен бәсекелесуге қабілетті әлемдегі ең бірінші компьютер» деп жазылыпты.
Мұны оқыған екі дос бірден өздеріне ненің қажет екенін, болашақтары қай бағыттан бастау алатынын бірден ұғынады. Сөйтеді де «біз мұндай компьютерлерге қажет мықты бағдарлама жасаймыз. Бұл бағдарлама жер бетінде қанша адам болса, соның барлығының қажетіне жарауы шарт және біз нарықта бірінші орында тұра аламыз» деген ойға келеді.
Біраз уақыттан соң Гейтс «Altair» өндірушісі – MITS компаниясына хабарласады. Ол Аллен досы екеуі «Altair»-ге арналған «basic» бағдарламалау тілінің бір нұсқасын жасап қойғанын, егер өздеріне қызметке алса бағдарламаны беретінін айтып шарт қояды.
Алайда Гейтс мұны компанияға қызметке тұру үшін ғана айтты. Себебі жігіттер біртұтас бағдарлама түгіл кодтың бір жолын да жасамаған болатын. Тіпті олардың компания бағдарламасына кірер рұқсат чипі де жоқ еді. Мұндай жағдайдан мүлде бейхабар MITS, Гейтстің ұсынысына қызығушылық танытады. Осылайша екі жігіт «Basic» бойынша іске кіріседі. Бір жарым ай уақыттан кейін өз мақсаттарын толығымен орындап, жаңа бағдарламамен жаңалық ашады.
Кітаптар
Билл Гейтс екі бестселлер шығарды. Бұл кітаптарда кәсіпкердің жетістік жолындағы тарихы баяндалады. Еңбектің алғашқысы «Болашаққа жол» деп аталса, екіншісі «Бизнес — ой жылдамдығымен» деген атаумен жарық көреді. Бүгінде шығарма 25 тілге аударылған.
Билл Гейтс және оның әйелі Мелинда
Жұбайы екеуі мұқтаждарға көмек көрсететін әлемдегі ең ірі «Билл және Мелинда Гейтс» қайырымдылық қорының негізін қалаушы. Олардың есімі жыл сайын қайырымдылыққа жұмсайтын қаражат саны үшін 2005 жылы «Time» журналында «Жыл адамы» деген атаумен жарияланды. Сол жылы Билл Ұлыбританияның инновациялық кәсіпорындарын дамытуға қосқан үлесі және әлемдегі кедейлікті азайту бойынша жұмсаған күш-жігері үшін Британ империясының «Рыцарь» атағына ие болады.
«Forbes» журналының ақпараты бойынша 2022 жылы Билл Гейтстің қаржылық жағдайы 122,3 млрд долларға жеткен.
Microsoft жасаушысының отбасы дүние жүзі бойынша әлі ешкім салмаған жекежайда тұрады. Бұл бір — бірімен қосылған үш павильоннан тұратын тұрғын үй кешені. Үй құрылысында қолданылған материал — қылқанжапырақты ағаш және шыны.
Microsoft корпорациясының тең құрылтайшысы – жер бетіндегі ең ақылды адамдардың бірі деп аталады. Себебі ол интеллект деңгейі жоғары адамдар қатарында. Гейтс ақыл-ойды дамыту батутта көбірек секіріп, жүгіруді әдетке айналдыру керек дейді.
Билл Гейтс қазір немен айналысып жүр?
Билл Гейтс «Ақылды қала» құрылысын бастады. Яғни атмосферадағы көмірқышқыл газының төмендеуіне әсер ететін баламалы энергетика құру сияқты жаңа дүниелерге инвестиция құюға көңіл бөлуде. 2018 жылы АҚШ-тың білім берудегі дағдарысқа қарсы күрес науқаны 460 млн доллар аударды. Сондай-ақ, ол Альцгеймер ауруымен күрес бағдарламасына да қатысты.