20 шілде күні Түркістан облысына қарасты Жібек жолы ауылында кісі қолынан өлген бес жасар сәбидің жетісіне жиналған жұрт наразылыққа шығып, тергеуді әділ өткізуді талап еткен, деп хабарлайды kazbusiness.kz ақпарат агенттігі.
Бір топ әйел “Педофилдерге өлім!”, “Әділ сот болсын!” деген жазуы бар плакат ұстап, Жібек жолы ауылының ішімен өткен, қазақ-өзбек шекара бекетіне апаратын күре жолды жапқан. Оқиға орнына полиция мен арнайы жасақ келген.
“20 шілде күні Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылындағы кафелердің бірінше кәмелет жасқа толмаған қыздың жетісі өтті. Содан кейін, 12.00-де 20-дан аса адам, сәбидің туыстары педофилдерге қатаң жаза талап етіп жергілікті әкімдікке қарай бет алды”, – деп мәлімдеді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жиналғандардың айтуынша, қыздың өліміне байланысты тергеуге тағы бір күдікті шақырылған, кейін оны босатқан. Тұрғындар “сот-медициналық сараптама қорытындысы шықпай, күдіктіні шығаруға болмайды” деп талап қойған.
Жолды жапқан наразы жұртты арнайы жасақ әкімдік ғимаратына күшпен кіргізген. Әкімдік өкілдері мен полиция әйелдердің шағымын тыңдап, сұрақтарына жауап береміз деген. Кісі қолынан қаза болған бала туысының сөзінше, қазір әкімдік ғимаратын арнайы жасақ қоршап тұр.
“Жиналғандармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 1,5 сағаттан кейін олар үйіне қайтты. Қазіргі уақытта ауылдағы ахуал тыныш, қоғамдық тәртіп бұзушылық”, – деп қосты ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске салсақ, 13 шілде күні түсте Жібек жолы ауылында өз үйінің ауласында ойнап жүрген бес жасар қыздан ата-анасы әп-сәтте көз жазып қалған. Қызды әуелі туыстары, кейіннен ауыл адамдары іздеп, кешке көршісінің үйінің шатырынан денесін тапқан.
Сол күні кешке полиция сәбиді өлтірген болуы мүмкін деген күдікке ілінген адамды қамауға алған. Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Қылмыстық кодекстің 99-бабы (“Адам өлтіру”) бойынша іс қозғалып, тергеу басталғанын хабарлаған.
Тұрғындар айтқан екінші күдікті бойынша ақпарат әзірге толық расталмады.