Ысырапшыл адамдарға арналған пайдалы лайфхак – бұл алты құмыра әдісі. Бірақ құмыра іздеп дүкенге барудың қажеті жоқ: кәдімгі алты конверт, алты банка, алты сандықша және т.б. қайсысы болса да жарай береді.
Ең маңыздысы – жұмсалатын шығыстарыңызды белгілі бір мөлшерлерге шартты түрде бөліп, кірісіңізді сауатты бөле білу.
Әдістің атауында құмыра болғандықтан, біз осы сөзді пайдаланамыз.
Сонымен, әрбір құмыра шығындарыңыздың белгілі бір бөлігіне жауап береді.
Бірінші құмыраға бюджетіңіздің жартысынан сәл артығын, атап айтқанда 55%-н салыңыз. Бұл ақша ең қажетті деген жағдайларға – коммуналдық қызметтерді төлеуге, азық-түлікке, киімге, аяқ киімге, дәрі-дәрмекке және басқа да тұрмыстық шығыстарға қажет.
Екіншісі сізді рахатқа бөлейтін құмыра, себебі сіз оған сауық-сайраныңызға арналған ақшаны – бюджетіңіздің 10%-н саласыз. Өмір ұсақ-түйектен тұрады, ал киноға, театрға немесе мейрамханаға бару – әрқашан да көңілді көтеретін нәрселер. Жақсы демала алмайтын адам, жақсы жұмыс істей де алмайды!
Үшінші құмыра ақшаны жинақтауға арналған. Кез келген кірісіңіздің 10%-н артқа сақтаңыз. Бұл құмыраның банктік салым түрінде болғаны жөн, сол кезде сіз ақшаңызды жинақтап қана қоймай, оны көбейте де аласыз. Бірақ бұл қаражатыңызды ешқашан да жұмсамаңыз. Өзіңіз үшін сондай тәртіп орнатыңыз да, соны қатаң сақтауға тырысыңыз.
Ал егер қиын-қыстау күн туса ше? Біріншіден, мүмкіндігінше жақсылыққа жорып, жаман ойдан алыс болған жөн. Екіншіден, ол үшін бюджетіңіздің 10%-н салатын төртінші құмыраңыз бар. Бұл сіздің көзделмеген шығыстарыңызға, ірі заттарды сатып алуға арналған қаражатыңыз, былайша айтқанда ол сіздің қосалқы қорыңыз. Қаржылай қосалқы қор кез келген отбасына қажет, ол «қаржылық» құлдыраудан қорғап, түрлі қиыншылықтардан сақтайды. Банкте еркін толтырып, кез келген уақытта ала алатын екінші салымды ашсаңыз да болады. Қолайлы әрі қауіпсіз, солай емес пе?
Айтпақшы, егер сіздің бір затты, әсіресе ірі затты алғыңыз келсе, осы оймен бір түнеп шыққаныңыз жөн. Қаржы консультанттары да сондай кеңес береді, себебі бір мезеттік қажеттілік қымбатқа соғуы мүмкін. Сабыр түбі – сары алтын деп бекер айтпайды. Мысалы, белгілі бір уақыт өткеннен кейін сол заттың расында керек не керек еместігіне көз жеткізесіз. Осылайша қажетсіз нәрсені алмауыңыз мүмкін.
Бесінші құмыра білімге арналған. Оған бюджетіңіздің 10%-н сала отырып, сіз өзіңізді дамытуға және балаларыңыздың білім алуына инвестиция жасайсыз. Балаларыңызға арнап ай сайын толтырып отыратын білім депозитін ашсаңыз да болады. Оған репетиторлардың қызметіне арналған, тіл курстарының, спорттық секциялардың, үйірмелердің ақысы, кітаптар, спортқа арналған аксессуарлар, мектеп құралдарын және т.б. сатып алу кіреді.
Ең соңғы алтыншы құмыра мейрамдарға, тойларға жұмсалатын шығындарға арналған. Оған бюджетіңіздің 5%-н салуға болады және ол өзіңізге және жақындарыңызға сыйлық, киім, үйлену тойларына, туған күндерге аксессуарлар алу шығандарынан, мысалы осындай салтанатты шаралар үшін сұлулық немесе SPA салондарға бару шығындарынан тұрады.
Осындай тәртіп болған кезде тіпті шектен тыс шопоголиктердің өзі шығындарын шектей алады. «Көп ақша табатын емес, көп ақша үнемдейтін адамдар – бай» деп бекер айтпайды. Осындай қағиданы сақтағанда ғана мақсатқа қол жеткізуге болады.