Полицияның хабарлауынша, Абай облысында 57 жастағы тұрғын жертөледе спирт дайындау үшін цех жабдықтап, онда контрафактілік алкоголь құйып сатқан.
Полиция қызметкерлері 1500 литрден астам алкогольді анықтады. Ол әр түрлі көлемдегі 12 канистрге құйылған. Алкогольдің жалпы құны 2,5 миллион теңгеден асады.
Заңсыз өнім үлгілері физика-химиялық сараптама жүргізуге жіберілді.
“Бұл факт Абай облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне іс жүргізу шешімін қабылдау үшін тіркелді және тергеуге алынды”, – деп түйіндеді Абай облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Шахантаев.