Африка еліне құдық қазған қазақ Елдос Айбеков алғашқы кәсіп қалай бастағаны туралы dauletten.kz айтып берді, деп жазады kazbusiness.kz.
Заман ағымына қарай отандастарымыз сұранысқа ие түрлі салада өз кәсібін дөңгелетіп жүр. Жерлестеріміз ақша табуды ғана ойламай, жақсылық жасап та елдің алғысына бөленіп жүр. Көктемде ғана Африка құрлығында құдық қазып, бір ауылдың гүлденуіне үлесін қосқан Елдос Айбековты желі қолданушылары жақсы біледі. Еліміздің атын өзге материкте асқақтатқан тұлға кәсіпке деген алғашқы қадамын қашан, қалай бастады?
Елдос мырза, қазір жақсы кәсіптің басында жүрсіз. Ал ең алғаш қандай жұмыс істедіңіз?
Ең бірінші жетінші сыныпта жайдарманға сценарий жазғаным бар. Әрине, мұны «бизнес» деуге келмейді. Десе де, ақша табуға деген алғаш қадамым сол болды. Одан кейін тоғызыншы сыныпта вогоннан цемент те түсіріп көрдім. Үсті басым шаң болып, шашыма цемент жабысып қатып қалған кездер де болды. Шаң болғаны түк емес, иыққа салып көтергендегі салмақты айтсаңызшы сіз. Арқам мен иығымда цемент толы қаптың іздері қалып, қызарып кейде қанайтын. Сол сәттен бастап өзіме «ауыр жұмыс істемеймін» деген принцип қойдым. Өсе келе «Жайдарманның» Өскемендегі филиалында қызмет атқарып, оған қоса студент кезімде тендермен де айналыстым. Ұтқаным – адамдармен қарым-қатынас жасауды, топпен жетістікке жетуді үйрендім. Жақсы жұмыс атқарғанның нәтижесі болар, командадағы әр адамға ұялы телефон алып бердім.
Кәсіпке қадамын жаңа басқан Елдос үшін соның өзі үлкен жетістік болған сыңайлы. Қазақта «ас – адамның арқауы» деген жақсы сөз бар. Әрі осы тағам бизнесі ешқашан маңызын жоймайтынын екінің бірі біледі. Сіз бұл кәсіппен айналысып көрдіңіз бе?
Иә, бұл салада да бағымды сынап көрдім. Өскемен қаласында «Big Burger» атауымен өз кафемді аштым. Бір ғана кафемен шектелмейін деп, құйылмалы балмұздақ сатумен айналыстым. Қала бойынша 5 нүктем болды, әр аппараты сол кездегі бағамен есептегенде 100$-ды құрайтын. Бірақ балмұздақ сатуым ұзаққа бармады, «санитарлық нормаларға сай емес» деген желеумен амалсыз жаптым. Бизнес болғасын бәсекелестік міндетті түрде болады. Балмұздақ сататын нүктелердің жабылуына бәсекелестердің қатысы барын жақсы түсіндім. Осы айтқан кәсіптің бәрі студент күнімде айналысқандарым. Қазір қарасам бизнесте жүргеніме 15 жылдай болыпты. Осы уақыт ішінде өзімнің таксопаркім, жиһаз шығаратын цехім болды. Қытайда тауар сақтайтын 2 қоймам болды, яғни логистикамен де айналыстым.
Елдос мырза, аз ғана уақыт ішінде бірнеше кәсіппен шұғылданыпсыз. Байқасақ, көбіне сауда-саттық жағынан асығыңыз алшысынан түсіпті әрі қабылетіңіз де жеткілікті екенін білдік. Тек ел ішінде ғана емес, өзге де мемлекеттермен сауда жасаған кезіңіз болды ма?
«Көре көре көсем боласың» деген жақсы сөз бар емес пе, сөйтіп жүріп макулатура сатуға ауысып кеттім. Қазақстан бойынша картон жинап оны шет елдерге жіберіп отырдық. Осы тұста мына нәрсені есте сақтау керек, заң бойынша макулатураны шетел асыруға болмайды, есесіне «бумажная масса в кипе-ні» экспорттауға болады. Негізінен заң кейбір іс-әрекеттерден шектейді, ал біз сол қайшылықтармен жұмыс жасадық. Амалын тауып, саудамызды жүргіздік. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан және Ресейдегі Татарстан, Башқұртстан сынды елдерге де сата бастадым. Үлкен айналымға ие болғанымыз сонша, өзге елден алып шетелге сататын дәрежеге де жеттім. Макулатура алатындар маған «Осынша өнімді қайдан аласың?» деп таңданатын. Тағы бір қызығы, олар маған «Картоновый кароль» деген лақап ат қойды. Ол да бір жоқтан бастап, белгілі бір дәрежеге жеткізген кәсібім болды.
Қаншама жыл бизнесте жүрсіз, нөл теңгемен бастаған яки басқа да жолмен тұсауын кескен кәсібіңіз болды ма?
Мынадай бір қызық оқиғаны айтып берейін. Бірде достарыма «Second hand» дүкен ашайық деп ұсыныс тастадым. Сосын фотоаппарат пен принтер алып «Егер сіздің үйіңізде ескірген, кішірейіп қалған және басқа да қажет емес киімдеріңіз, ойыншықтарыңыз болса бізге берсеңіз болады. Біз оны қарттар үйі мен жетімдер үйіне таратамыз» деген жазумен «Көмек дорбасын» жасапАлматының ауқатты деп саналатын аудандарындағы бүкіл подъезге кіріп іліп, ертеңіне жинап шығамыз. Әлбетте, айтсаң күлкілі бірақ аптасына бір газель киім жиналатын. Біз оны 200 теңге мен 5000 теңге аралығында саттық. Арасында жақсы киімдерді мұқтаж жандарға таратып отырдық. Түскен ақшаның бір бөлігін жетімдер үйіне де бөліп отырдық. Міне, студенттік шақта осындай қызық бизнесті де жасап көрдік.
Жас кезіңіздегі кәсіпте болған қызықтар туралы жақсылап әңгімелестік деп ойлаймын. Ал бүгінгі таңдасу фильтрімен айналысып жатырсыз, сол туралы айтып берсеңіз…
Дұрыс айтасыз, қазір фокус бір ғана бизнесте. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, осы су фильтрі кәсібін жақсы дамытып жатырмыз. Мамандардың айтуынша, жер бетіндегі судың сапасы жылдан-жылға тек нашарлайды екен. Сол себепті бұл тоқтамайтын кәсіп. Қазақстанда номері бірінші деп айтпасақ та, патентіміз бар басқасы бар жалпақ тілмен айтқанда ел аузында жүрген компаниямыз. Командамызда 70-ке жуық адам бар. Осы уақытқа дейінгі тәжірибенің пайдасынан шығар бәлкім, сонша адаммен бірге жұмыс істеу, оларды басқару мен үшін аса қиын емес.
Шағын бизнесте жолы болған жандардың бірісіз. Қайырымдылықты қаншалықты жиі жасайсыз?
Бізде қалыптасқан жақсы қағида бар. Компания табысының 10%-ын осы қайырымдылыққа жұмсайды. Оны артық шығн деп айтуға да болмайды. Ислам тұрғысында өзіңе құйған инвестиция деп алса болады. Шетелдің бизнеске қатысты қайсыбір кітабын алып оқысаңыз бәрін де қайырымдылық туралы айтылады. Осыдан-ақ бизнесте тасың өрге домалау үшін мұқтаждарға көмек қолын созсаң да жеткілікті екенін аңғаруға болады.
Африкада құдық қаздыртқаныңызды әлеуметтік желіден көріп хабардар болдық. Десек те көптің қызу талқысына түскен игі іс болды. Неге Африка, не үшін Қазақстан емес?
Білесіз бе, сөздің шынына келсек, Африкадағы сол ауыл ауызсуға әлдеқайда мұқтаж болды. Иә, ол біздің туған жеріміз емес. Бір өкініштісі біз жасырын да жасап жатқан жақсылықтарымызды айта бермейміз. Жұмыс барысында түрлі жағдайларға куә боламыз. Мәселен, жағдайы төмен отбасыларға су тазалайтын фильтрді тегін орнатып берген кездер де болды. Ал Угандадағы Наноко елді мекеніне жасаған жақсылығымызды челлендж деп айтса да болады.