Алматы облысында 8 ай ішінде инвестиция ағыны 19%-ға ұлғайды, оның жалпы құны 320 млрд. теңгеден асып түседі.
Облыс әкімінің сөзіне сенсек, жыл басынан бері облыста 54,2 млрд. теңгенің 10 ірі инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 700-ге жуық жұмыс орны ашылды.
Ең ірі жобалар – «Наурыз Агро» асыл тұқымды құс репродукторы, «Алюгал» қорытпаларынан құрылыс материалдарын шығаратын зауыт, «Медикал Холдинг Sintez-KZ» медициналық титан имплантаттары мен тренажерлар өндірісі және «Қарасаз Агро» балық шаруашылығы және т.б.
Соның ішінде Еңбекшіқазақ ауданының экономикасын дамытуға 26 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге артық.
Дейтұрғанмен, ауданның жалпы облыс көлеміндегі үлесі 8 пайыздан шамалы ғана артық. Облыс әкімі осы орайда, аталған аймаққа инвестиция ағынын арттыру қажеттігін атап өтті.
«Бүгінгі күні іске асқан 20 шақты жоба болса, соның ішінде «Жетысу энергиясы» ЖШС-нің қуаты 60 МВт Шелек жел электр станциясы жақында іске қосылғаны баршаға мәлім. Жобаға тартылған инвестиция көлемі – 37,4 млрд. теңгені құрайды. Сәйкесінше, 30 жұмыс орны құрылған болатын»,-деді өз сөзінде Марат Сұлтанғазиев.
Инвестициялық жобалар аймақтың әлеуметін жақсартуға үлкен үлес қосады деген өңір басшысы «Жерұйық Энерго» ЖШС – ң Шелек дәлізінде қуаттылығы 50 МВт жел электр станциясының және өнімділігі 7 мың тоннадан астам «Фроско» жеміс-көкөніс өнімдерін өндіру, терең мұздату және сақтау зауытының құрылысы жүріп жатқанын кездесу барысында мәлім етті.