Антикоррупциялық қызмет мемлекеттік органдардың шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласу фактілерінің жолын кесу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Осы бағытта департамент жыл басынан бері 39 фактінің жолын кесті. 23 лауазымды тұлға жауапқа тартылды, 16-ы сотталды. Қабылданған шаралар 13-тен аса кәсіпкердің құқығын қорғауға мүмкіндік берді.
«Мәселен, биыл облыстық көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерінің заңсыз қызметінің жолы кесілді. Олар жүйелі негізде жүк автокөлік құралдарының кедергісіз өтуі үшін кәсіпкерлерден 50-ден 200 мың теңгеге дейін ақша қаражатын бопсалаумен айналысқан.
Бұдан бөлек облыстық ТЖД бастығының орынбасары және Қонаев қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы әшкереленді. Олар алдын ала сөз байласу арқылы казино өкілінен 1000 АҚШ доллары сомасында жалпы қамқорлық үшін пара алды», − деді Нұрсұлтан Бекинов.
Айта кету керек, аймақта бизнесті қорғау мақсатында ауыл шаруашылығы, салық саласы, мемлекеттік сатып алу және т.б. салаларда сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін анықтау және жою бойынша тиісті жол картасы іске асырылып жатыр.