Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы ұсталды, деп хабарлайды kazbusiness.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, шенеунік жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп күдіктенеді.
“Мәселен, ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен.
Нәтижесінде мемлекетке 307 миллион теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілді”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Антикор мәліметтері бойынша, 2020 жылы ол медициналық орталық пен ХҚКО-ның құрылысын заңсыз келісіп (инвестициялық жобаларды іске асыру түрімен) мүдделі тұлғаларға жер учаскелерін төмен құны бойынша жеке меншікке одан әрі негізсіз беруге ықпал етті. Шығын 180 миллион теңгені құрады.
Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының ережелеріне сәйкес тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді.