Алматы облысында «Туған жерге тағзым» инвестициялық форумы өтті. Форум аясында құны 819 миллиард теңгені құрайтын 40 меморандумға қол қойылды. Соның ішінде «Алматы тұрмыстық техника заводы» ЖШС плита, кір жуғыш машина, теледидар, мұздатқыш, пеш, кондиционерлер мен кептіргіш шығару өндірісі арқылы өнім түрін кеңейтуді көздейді, деп жазады kazbusiness.kz тілшісі.
Форумға 150-ге жуық кәсіпорын өкілдері мен ұлттық компания және мемлекеттік орган өкілдері аймақтың инвестициялық мүмкіндігін бағамдау үшін бас қосты.
Ауқымды жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қазақстан Республикасының ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров, Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев пен еліміздің және шетел инвесторлары, кәсіпкерлері, қаржылық сектор өкілдері қатысты.
«Бүгінгі форумның «Туған жерге тағзым» деп аталуы символикалық мәнге ие. Біз Алматы облысының даму стратегиясын қайта қарап, аймақты маңызды көліктік-логистикалық әрі туристік хаб ретінде орнықтыруды мақсат еттік және осы бағытты тұрақты ұстанып келеміз», − деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ кәсіпкерлермен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, B2B-форматындағы кездесулер өтті.
Айта кету керек, форумның басты мақсаты шетелдік және отандық инвесторлармен және индустриалды, туристік, аграрлық саладағы компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастық орнату, инвестициялық климатты одан әрі жақсартып, қаржылық инфрақұрылымды дамыту.
Форум аясында құны 819 миллиард теңгені құрайтын 40 меморандумға қол қойылды. Бұл 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға негіз болмақ. «Туған жерге тағзым» инвестициялық форумы барысында агроөнеркәсіптік кешен және құрылыс материалдарын өндіру салалары арасында меморандумдарға қол қойылды.
ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ – 25,2 МЛРД ТЕҢГЕ
Алматы облысы тұрмыстық техника зауыты ЖШС басшысы Абдулқасым Сойырқас Алматы облысында аумағы 60 гектар тұрмыстық техника өндіру бойынша зауыт құрылысы туралы келісімшартқа қол қойды. Зауыттың салынуына 25,2 млрд теңге инвестиция тартылды.
“Облыста көптеген мүмкіншіліктер бар, оны игере білгенге. Алматы облысы бізге жер береді өте төменгі бағада, ұзақ уақытқа ақысыз арендаға жер береді. Сол жерлерді алып, зауыт соғуға болады. Ал, Алматымен іргелес жатқан әлеуеті мол, болашағы зор Қонаев қаласында кәсіп ашқысы келетіндер көп екен. Сондықтан, мамандар қала тек әкімшілік орталық қана емес, жаңа серпін алған мәдениет пен ғылымның, өндіріс пен туризмнің орталығы болады деп жоспарлап отыр. Келер жылы мұнда шетелдік инвесторлар тартып, өңірді дамыту – басты мақсат”, – дейді Абдулқасым Сойылқас.
Еске салсақ, 2019 жылы кәсіпкер Абдулқасым Сойырқас облыс аумағында 12 гектар жерді алатын Алматы тұрмыстық техника зауытын ашты. Кәсіпорын қазіргі уақытта 200 адамды жұмыспен қамтып, газ плита, аралас пештер өндіріп шығарады. Одан бөлек, биыл ЛЭД теледидар, кір жуғыш машиналарды өндіруді бастауды қолға алмақ.
«Біз осыдан 3 жыл бұрын, 2019 жылы Алматы облысына қарасты Қарасай ауданы Жармұхамет ауылында 12 гектар, 20 мың шаршы метрді алып жатқан тұрмыстық техника зауытын аштық. Енді осы зауытта газ плита, электр, аралас пештерді шығара бастадық. Осы жылы ЛЕД теледидар және кір жуғыш машиналарын қостық. Алдымыздағы мақсат – зауытты үлкейту, техника түрлерін көбейту. Өздеріңіз білесіздер, осы кезге дейін тұрмыстық техникалар шетелден келген. Отандық техника өндірісі тоқтаған. Осы мәселені шешуді қолға алмақпыз», – деді Алматы облыстық тұрмыстық техника зауытының бас директоры Абдулқасым Абдуғаниұлы.
Қазақстандағы алғашқы ас үй пеші шығарылып бастаған зауыттың өндірістік көрсеткіші бүгінде 60 мың дана өнімге дейін өсті. Ассортименті 23-тен аса модель түрін құрайды.
Өндірістік базаны іске қосып, құрал-жабдықтарды сатып алуға 7 миллион доллар инвестиция тартылды. Қазіргі уақытта өндірісте 200-ден астам қызметкер жұмыс істейді.
Талғар ауданына қарасты «Қайрат» индустриялық аймағында іске асырылатын жобаға жалпы құны 25, 2 млрд теңге инвестиция тартылды. Өндірістік қуаты 1 миллионнан астам дананы құрамақ. Жоба іске асқанда 1200 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.
Қызмет түрі:
- электр емес пештерді, оттықтарды және пештерге арналған құрылғыларды өндіру;
- электрлік емес тұрмыстық аспаптар өндірісі;
- тұрмыстық аспаптар өндірісі;
- басқа да электр жабдықтарын өндіру.
Жоба үш кезең негізінде жүзеге аспақ. Яғни:
- 1 кезең: плиталар, кірістірілген пештер, кірістірілген пісіру беті, асханалық ауа сорғыш құралдарын шығаруға мүмкіндік береді.
- 2 кезең: өнімдер ассортиментін кеңейтуге және келесі өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді: теледидарлар, мұздатқыштар, тоңазытқыштар, су жылытқыштар, кондиционерлер.
- 3 кезең: кір жуғыш машиналар, кептіргіштер сияқты өнім түрін шығаруға мүмкіндік береді.
Жоба меншікті қаражат есебінен 4 000 000 000 теңге және «Өнеркәсіпті дамыту қор» АҚ тарапынан 21 266 669 200 теңге көлемінде іске асады деп күтілуде.
ЖАҢА ЗАУЫТ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Жобаның ең бірінші артықшылығы оның технологиялық инновациясында. Яғни өндіріс толық циклде, максималды автоматтандыру, роботтарды қолдану, соңғы әлемдік технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асады.
Ал жабдықтарды өндірушілер өз саласының көшбасшылары: YADON, AIDA, SIMPAK, SIEMENS, STRONG, KNUTH, KUKA. Сондай-ақ R&D меншікті үлгілерді әзірлеу бөлімі де қарастырылған.
Зауыт 8 бөліктен тұрады деп жоспарлануда. Яғни:
- Металл өңдеу цехы;
- Бояу цехы;
- Эмаль цехы;
- CNC жабдықтары;
- Пластик өндірісі;
- R&D жабдықтары;
- Пенополистирол өндірісі;
- Құрастыру цехы.
МЕМЛЕКЕТ ҮШІН МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ
Жобаны іске асыру кезеңінде 2023 жылдан 2038 жылға дейін (Жобаның 15 жылы) бюджетке шамамен 35,8 млрд теңге салық төлеу көзделеді. Оның ішінде әлеуметтік аударымдар, мүлік салығы және корпоративтік табыс салығы бар.
- Шамамен 1200 адам тұрақты жұмыс жасайтын жұмыс орнын құруға;
- Қазақстан Республикасының ішіндегі тұрмыстық техникаға ішкі сұранысты қанағаттандыруға;
- Ресей Федерациясы мен ТМД елдерінің нарықтарындағы экспорттық әлеуетін арттыруға;
- Қазақстан Республикасының құрылыс ұйымдары мен құрылыс материалдарын жеткізушілер сияқты аралас салалар үшін тапсырыстар көлемін 7,9 млрд. теңгеден астам сомаға ұлғайтуға;
- Делдалдардың қызметтеріне шығындарды алып тастау арқылы нарықтағы өнімнің соңғы құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
КОМПАНИЯ ӨНІМІН КІМ ТҰТЫНАДЫ?
Компания өнімдерін тұтынушылардың мақсатты тобы тұрмыстық техниканы сатуға мамандандырылған кәсіпорындар болып табылады:
- электр тұрмыстық және компьютерлік техника дүкендерінің желілері;
- тұрмыстық техниканы сататын интернет-дүкендер.
Зауыт өнімін ішкі нарықта ғана емес, экспортқа да жіберу көзделеді. Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және ЕО-тың кейбір елдеріне экспортқа жіберу жоспарлануда.
ЖОБА ІСКЕ АСҚАНДА ШЕШІЛЕТІН МӘСЕЛЕЛЕР
Жоба аймақтық жалпы өнім көлеміне оңды әсер етеді, экспорт үлесінің аймақтағы өсуіне әсер етеді деп күтілуде. Экспорт үлесі келесі деңгейлерде күтіледі:
- 2023 – 25%;
- 2024 – 30%;
- 2025 – 35%;
- 2026 – 40%;
- 2027 – 45%;
- 2028 жылдан бастап 50%.