Алтын Орда базарында тағы шу шықты. Бұл жолы 400-ге жуық саудагер жайма базардың сүрілуіне қарсы. Басшылық жақын арада орынды босатуды талап етті дейді наразы топ. Базар сүріліп, құрылыс басталмақ, деп хабарлайды kazbusiness.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Алғашында көрші ғимараттан уақытша тегін орын береміз деген басшылардың уәдесі құр сөз болып шықты дейді кәсіпкерлер. Өйткені, 400 саудагердің бәріне орын жоқ, табыла қалса, жалдау құны екі-үш есе қымбат. Оған қоса, енді салынатын жаңа павильондағы сатылып жатқан орындардың бағасы 15 миллион теңгеден төмен емес.
“Бағана контролер келіп айтты, 2-3 күнде шығыңдар деп, қақпаны жабамыз деді. Не үшін шығамыз, орнымыз болмаса қайда барамыз?” Далада қаламыз ба деп мазасы қашқандардың бірі – Қалбике Қаражанова.
Жайма базардың бір бұрышын жалдап отырған саудагер жаңа ғимараттың салынуына қарсы. Алғашында, басшылық бұларға “уақытша көрші ғимаратта тегін тұрасыңдар” деп уәде берген көрінеді. Бірақ онда барсақ төменгі қабатта ешқандай тегін таппадық дейді. Себебі барлық сауда орындардың қожайындары бар екен. Кейін басшылық бұларға жаңадан салынатын павильоннан қазірден бастап орын сатып алуға болатынын айтқан.
“Сатып жатыр, басында бір орын 8 миллион деген, кейін 12 миллион, одан 15 миллионға шықты. Сатып алыңдар дейді. Біздің ақшамыз болса басқа жерден-ақ аламыз ғой. Неге түсінбейді?! Халықты ойлаймыз дейді, қане, халықты кім ойлап жатыр, айтыңдаршы?!”, – дейді саудагер Қалбике Қаражанова.
Жиналғандардың арасында миллиондаған ақшаға бірнеше орын сатып алғандар да бар.
Басшылықпен келісімге келмекші болған кәсіпкерлер алдымен 1 жыл ішінде ақша жинап, жаңадан салынатын павильоннан орын алайық деп өтініш білдірген.
“Бұрынғы орнымызда тым болмаса 1 жыл тұрайық, ақша жинайық, цокольныйға 300 мың теңге бергенше, осы базарға төлейік десек, бұлар келіспей жатыр. Біз орын бердік қой, не керек сіздерге дейді, негізі орын жоқ!”, – дейді Айнұр Акмалиева.
Ал базар басшылығы саудагерлердің сөзін жоққа шығарды. Айтуынша, кәсіпкерлерді ешкім қумаған. Оның үстіне, 2-ші павильонда орын да бар деп отыр. Әзірге жайма базардағы 800 орынның 400-ін уақытша көшіреміз деген басшы көрші ғимараттан бұған дейін бутик сатып алған қожайындармен келісім жүріп жатқанын айтты. Ал бір жылда бой көтеретін жаңа павильонда 1000-ға жуық орын болады екен.
“Цокольныйда орындар бар, қожайындармен келісіп жатырмыз, келіспегендер өздері тауарларын кіргізіп жатыр. Осыған кіріп жайғаса беріңдер дедік. Ал ертең 3 күннен кейін жабылады деген өтірік, провокация. Біз оларға жағдай жасап жатырмыз, жылы жерде сауда жасаңдар деп, біз бұл жұмысты тоқтатпақ емеспіз, себебі базарды дамытудың бас жоспары бар”, – дейді “Алтын Орда” базарының атқарушы директоры Ермек Марқабаева.
Ешкімді әрі ысырып, бері тартып отырған жоқпыз деген басшы жұмыс кезең-кезеңімен іске асатынын жеткізді. Ал саудагерлер жаңа павильоннан орын алу да, көрші ғимараттан бутик жалдау да тиімсіз деп отыр.