Жақында «Алтынкөл-жол» кеден бекетінде, Қытай Халық Республикасынан Ресей Федерациясына транзит процедурасы негізінде бара жатқан контейнерлік пойызға кеден заңнамаларын бұзған деген күдікпен 6 контейнерге инспекциялық-тексеру кешені арқылы сканерлік әдіспен кедендік тексеріп-қарау жүргізілді.
Нәтижесінде, контейнерлерден көліктік-ілеспе құжаттарында дұрыс мәлімделмеген, салмағы 137 тонна, кедендік құны 1 миллиард теңгеден асатын халықтық тұтыну тауарлары табылды. Мысалы, көліктік-ілеспе құжаттарында тауардың аты «мата» деп көрсетілген. Алайда кедендік тексеру барысында джинси, шалбар, күртеше, тері тон, белдемше, пижама, әртүрлі әйелдер киімі және басқа да кедендік-салықтық төлем құны жоғары тауарлар шықты.
Осылайша, контейнерлердегі тауардың иесі құжаттарда салықтық алым коэффициенті төмен “мата” деп көрсету арқылы кедендік төлемдер мен салықтарды нақтылы төлеуден жалтару мақсатын көздеген.
Қазіргі уақытта «Алтынкөл-жол» кеден бекетінің басшылығы тарапынан жинақталған іс материалдарын қылмыстық-процессуалдық шешім қабылдау үшін Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаментіне жіберу мәселесі қарастырылуда.
Бекен НҰРАХМЕТОВ,
«Алтынкөл-жол» кеден бекетінің бас маманы
Жетісу облысы