Айтуларынша, ауылда интернет жоқ, көшелері, жолдары және балалар алаңдары жарықтандырылмаған. Осы орайда Kazbusiness.kz сайтының журналисі ауылдағы бизнес секторының қаншалықты дамығанын анықтап көрді.
Көкжазық ауылдық округі әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесінің бас маман-заңгері Мақсат Жұмабаев округтің үш ауылдан тұратынын айтты. Айтуынша, географиялық бөліністе округ Көкжазық, Бөктерлі, Теңлік ауылдарына бөлінген.
«Бүгінде жалпы ауылдық округ бойынша 72 жеке шаруа қожалығы, 20 жеке кәсіпкер тіркелген. 72 жеке шаруа қожалығы. Округте өсімдік шаруашылығы басым. Ауылдың ішінде 4 демалыс орны және сыртында 3-4 демалыс орны бар», – дейді Мақсат Бақтыбайұлы.
Бас маман тіркелген жеке кәсіпкерлік аралас тауар сатумен айналысатынын жеткізді. Сонымен қатар округте ауылшаруашылық кооперативтері бар.
Сондай-ақ 1 диірмен, 1 май шайқайтын орын болғанымен, жұмыс істемейді. Осындайда мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалардың шарапатын қолданып, осы кәсіпорын жұмысын жандандыратын жанның табылмағаны ма деген ойда қаласың.
Айта кетсек, бюджеттен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қаражат қарастырылмаған.