1 сәуірден бастап таңбаланбаған аяқ-киімдерді сатуға болмайды, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Биыл 1 сәуір күні тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесінде тіркелмеген аяқ киімді сатуға рұқсат етілген кезең аяқталады. Айта кеткен жөн, бұған дейін кәсіпкерлердің өтініші бойынша бұл мерзім 2022 жылдың 1 сәуірінен 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылған.
2021 жылдың 1 қарашасында Қазақстан Үкіметінің қаулысымен аяқ киім өнімдерін міндетті түрде таңбалау және қадағалау туралы заңнама енгізілген. Бұл елге кіретін әрбір өнім туралы ақпаратты тіркейтін және қадағалайтын жүйе. Яғни, ол арқылы тауардың өндірушіден не импорттаушыдан бастап сатып алушының қолына жеткенге дейінгі бүкіл жолын көруге болады. Таңбалау және қадағалау жүйесінің міндеті – Қазақстандағы тауар айналымын ашық етіп, көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.
Қазақстанда таңбалау және қадағалау жүйесі үш өнім тобына қолданылады: темекі (таңбалау коды 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап акциздік таңбаның функциясын ауыстырды), аяқ киім (2021 жылғы 1 қарашадан бастап) және 2022 жылғы 1 шілдеден бастап кезең-кезеңімен дәрілік заттарды таңбалауды және қадағалауды енгізілуде. Айтылған өнімдер мынандай себептер бойынша таңбаланады: 1) көлеңкелі экономиканың жоғары деңгейі; 2) халықтың денсаулығына жоғары қауіпі.
«Темекі өнімдері мен дәрі-дәрмек айналымын цифрландыру қажеттілігі көпшілікке түсінікті болса, адамдар аяқ-киімді не үшін таңбалау керектігін түсіне бермейді. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда аяқ киімнің көлеңкелі айналымының үлесі 48 %-ды құрайды, яғни аяқ киімнің әрбір екінші жұбы елге заңсыз әкелінген. Олардың үлкен ағыны Қытайдан келеді, ал егер кедендік статистикаға сүйенетін болсақ, екі елі арасындағы деректерде айырмашалық бар. Қытай кеден қызметінің дерегінше, елімізге 2021 жылы экспортталған аяқ-киім соммасы қазақстандық деректерден екі есе көп, бұл шамамен $780 млн құрайды. Аталмыш сандар аяқ киім саудасындағы көлеңкелі экономиканың көлеміне нақты көрсетіп, олардың қадағалануын енгізуге себеп болды», – деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Айта кеткен жөн, 2019 жылдың 30 маусымы мен 2020 жылдың 31 желтоқсаны аралығында Қазақстанда аяқ киімді таңбалау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды. Пилоттық жобаның нәтижелері 2021 жылғы 11 мамырдағы қоғамдық тыңдауларда талқыланып, ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы 7 шілдедегі шешімімен аяқ киімді таңбалауды енгізуге реттеуші ықпалды талдау нәтижелері бекітілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 тамыздағы № 588 қаулысымен аяқ киім өнімдері Қазақстан Республикасында таңбалануға жататын міндетті тауарлардың тізбесіне енгізілген.
Осылайша, 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап аяқ киім өнімдерін таңбалау және қадағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген міндетті талапқа айналды. Алайда кәсіпкерлердің өтініші бойынша бұл талапқа байланысты бірнеше жеңілдіктер жасалады.
Мысалы, 2022 жылдың 1 сәуірінен 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қазақстандағы тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператор қалдықтарды таңбалау жүйесінде тіркелген кәсіпкерлерге тегін таңбалау кодтарын үйлестіріп берді. Сондай-ақ, аяқ киімді импорттаушыларға 2023 жылдың 1 қарашасына дейін Қазақстан Республикасындағы өз қоймаларында кедендік ресімдеуден кейін аяқ киімге таңбалауды жүргізуге және т.б. рұқсат берілді. Бизнестің сұранысы бойынша жүйенің функционалдығы бірнеше рет өзгертіліп бейімделді. Сонымен қатар, кері байланыс алу және жинау үшін тұрақты негізде оқыту шаралары, жеке консультациялар және кәсіпкерлермен «тікелей» кездесулер өткізілді.
Қазақстан Республикасында аяқ киім өнімдерін міндетті түрде таңбалау енгізілген күннен бастап 1,5 жыл ішінде 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша тауар айналымына 2,8 мыңнан астам қатысушы (оның ішінде 115 өндіруші, 774 импорттаушы және 1602 бөлшек сауда, 341 көтерме сауда өкілдері), өнім каталогында 1 226 725-тен астам өнім картасы тіркелген.
2023 жылдың 1 сәуірінен бастап не өзгереді?
Бизнес үшін басты жеңілдіктердің бірі – 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін таңбаланбаған аяқ киімдерді (міндетті аяқ киім таңбалау басталғанға дейін, яғни 2021 жылдың 1 қарашасына дейін әкелінген) сатуға рұқсат беру болды. Бастапқыда бұл мерзім 2022 жылдың 1 сәуіріне белгіленді, бірақ кәсіпкерлердің өтініші бойынша бұл мерзім бір жылға ұзартылды. Енді осы жылдың 1 сәуірінен бастап тауарды таңбалау және қадағалау ережесіне сәйкес кәсіпорынның таңбаланбаған аяқ киімдерді сатуға құқығы жоқ.
Айта кеткен жөн, ҚР заңнамасында аяқ киім өнімдерін таңбалау және қадағалау ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар қарастырылмаған.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, цифрлық таңбалауды және қадағалауды енгізу нәтижесінде ресми аяқ киім импорты 13 миллион жұпқа (30%) өскен (37,2 миллион жұптан 53,1 миллион жұпқа дейін). 2018-2020 жылдар кезеңіне таңбалау енгізілгенге дейін аяқ киім импорты 35-тен 39 миллион жұп болған.
Сонымен қатар тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінде тіркелген аяқ киім кәсіпкерлерінен түсетін салық түсімдері 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 55%-ға, ал 2022 жылдың 11 айында салық түсімдері 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге өсті.