Кәсіпкер әйел бала күтіміне байланысты демалысқа шықты делік. Оның дүкені жұмысын жалғастырып, салық төлесе, ол Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бір жасқа дейінгі бала күтіміне әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы ма? Осы сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді.
Министрлік мәліметінше, Қазақстан мемлекеттік жәрдемақылар жүйесін, әлеуметтік төлемдерді, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын және салықтық жеңілдіктерді және азаматтардың өмірінің барлық кезеңінде басқа да әлеуметтік қорғау шараларын қамтитын балалы отбасыларды қолдаудың кешенді моделін құрды.
Сонымен бала туған кезде біржолғы жәрдемақы тағайындалады. Оның мөлшері баланың туу тәртібіне байланысты (бірінші, екінші, үшінші баланың туылуына, төртінші немесе одан да көп балаға).
Сонымен қатар жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге бір жасқа дейінгі баланы күтуге әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Бұл ретте егер әйел жұмыс істеген және ол үшін әлеуметтік аударымдар алған болса, онда ол мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілігі мен босануы бойынша әлеуметтік төлемдер алуға құқылы.
“Біріншіден, жүктілік және босану үшін берілетін төлем мөлшері әйелдің кейінгі 12 айдағы орташа айлық табысына байланысты. Екіншіден, кейінгі екі жылдағы орташа айлық табыстың 40% мөлшерінде бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін төлем алады”, – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Сонымен қатар мемлекет әйелдердің әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде есепке алынатын орташа айлық табысының 10%-ы мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялайды.
Бұл әйелдің бала күтіміне байланысты демалыста болған кезде зейнетақы жинақтары үзілмеуі үшін жасалып отыр.
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының 10%-ын аудару фактісі анықталған жағдайда субсидиялау тоқтатылады.
Төлемдерді алу үшін тұрғылықты жері бойынша жеке басын куәландыратын құжатпен, өтінішпен және тізімге сәйкес қажетті құжаттармен тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік корпорацияға жүгіну қажет.
Әлеуметтік төлемдерді тағайындау туралы толығырақ ақпаратты қордың тұрғылықты жері бойынша филиалынан немесе gfss.kz сайтынан алуға болады.