Пирамида жасаушылар өз схемаларына мүмкіндігінше көп адамды тарту үшін ойын-сауық форматын қолдана бастады. Олар экономикалық немесе инвестициялық онлайн-ойындарды ойлап тапты, онда ойыншылар жоғары кіріс тауып, содан кейін өз қаражаттарын ала алады-мыс. Бұл жағдайда пайдаланушылардың жасы маңызды емес.
Алаяқтық ойындар қалай жұмыс істейді?
Бұл виртуалды тауарларды: құстар, жануарлар, жылжымайтын мүлік немесе басқа активті нақты ақшаға немесе криптовалютаға сатып алуға, инвестициялауға және пайда табуға болатын онлайн-ойындар. Мұндай ойындарды жасаушылар бонустар немесе басқа сыйақы бере отырып, пайдаланушыларды жаңа қатысушыларды әкелуге шақырады.
Мұндай ойынның танымал мысалдарының бірі – «Көңілді балықшылар». Онлайн-ойын сайтында бұл жоба «Кем дегенде сіздің қаржылық жағдайыңызды жақсарту үшін жасалған» деп жазылған. Ол үшін ойынға қатысушылар балықшыларды сатып алуы керек – ойында олардың тоғызы бар. Олардың жарамдылық мерзімі әртүрлі – 20-дан 100 күнге дейін және олар әр түрлі кірістілік әкеледі. Балықшылар күн сайын сатылуға тиіс «балықты» аулайды. Пайдаланушылар жалқау болмауы керек, «пайда» күйіп кетпес үшін ойынға күн сайын кіру керек. Содан кейін, белгілі бір мөлшерде виртуалды ақша жиналған кезде, оларды нақты ақшаға айналдырып, шығарып алуға болады. Әрине, шын мәнінде бұл олай емес.
Ұқсас қағидат бойынша жұмыс істейтін онлайн-жобалардың тағы бірі – «Қараңғы ойын», оны жасаушылар күніне 70%-ға дейін, ал жаңа ойыншыны тартқаны үшін – виртуалды депозитке 20% пайда табуға уәде береді, танымал «Ферма» ойыны негізінде құрылған «Ақша фермасы» және басқалары да осыған ұқсайды.
«Ақша табуды» бастау үшін ойыншылар сайтта өз деректерін қалдырып, онлайн-ойынға тіркеліп, пайдаланушының келісімін қабылдауы керек, осылайша ресурсқа жеке деректерді өңдеуге келісім беруі керек. Кейбір компаниялар пайдаланушының келісімінде, кейде ұсақ қаріптермен қайтаруға мүлдем кепілдік жоқ екенін көрсетеді. Мысалы, «Бай құстар» ойынының сипаттамасында «Ұйымдастырушы сізге ойын ішінара қаржы пирамидасының қағидаттарына негізделгенін ескертеді және кез келген уақытта сіз барлық қаражатыңызды жоғалтуыңыз мүмкін, бұл ретте сайт ұйымдастырушысына ешқандай шағым болмайды!» деп жазылған.
Көптеген адамдар бұл ойындарға айтарлықтай мән беріп, олардың айналасында дүрбелең тудырады. Олар егер ойында виртуалды кіріс алсам, нақты шотқа да қаражат түседі деп сенеді. Нәтижесінде ойын ішіндегі «инвестициялық өнімге» сұраныс арта түседі, бірақ одан тыс жерде ойынға қатысушылар ақшаға немесе криптовалютаға сатып алатын бұл «өнімнің», әдетте, ешқандай құндылығы болмайды.
Ақшаның да, жаңа пайдаланушылардың да ағыны тоқтаған кезде, ойын жабылады, салынған қаражатты алу мүмкін емес. Сөйтіп, ойыншы инвесторлар сан соғып қалады. Өкінішке орай, мұндай алаяқтық схемаларға оқушылар мен студенттер жиі түсіп қалады, олар өздерінің сенгіштігі мен құмарпаздығының салдарынан қаржы пирамидаларына қарсы тұра алмайды.
(*Авторские права)
Источник: https://fingramota.kz/kk/news/post/atygez-ojyndar-balalar-men-zhastar-arzhy-piramidasyny-armayna-alaj-tsedi