Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, қазіргі таңда бір ғана Алматы қаласының өзінде 1 миллионнан астам тұрғынның кредиті бар. Оның ішінде 451 мыңнан астам азамат 90 күннен бері несиесін өтемеген.
Осы орайда кредитін төлей алмай жүрген азаматтар тарапынан банкроттығын жариялау туралы рәсімдерге қызығушылық танытуда, делінген ақпаратта.
Бірінші процедура – соттан тыс банкроттық, оны азаматтар келесі жағдайларда қолдана алады:
- банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы қарыз сомасы 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауға тиіс;
- ресми табысы жоқ немесе табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайды (оның ішінде асырауындағы адамдар (отбасы мүшелері) да қоса есептеледі), ол адам басына 36 018 теңгені құрайды.
Екінші процедура – сот банкроттығы, мұны азаматтар қарызы 4,9 млн теңгеден асқанда және борыштың қалған түрлері бойынша қолдана алады.
Үшінші рәсім – бұл тұрақты табыс болған жағдайда, соттан қарызды (5 жылға дейін) бөліп төлеу мүмкіндігін алуды көздейтін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. Ол үшін екі тараптың (борышкер мен кредитордың) келісімі қажет.
- заң жобасында 5 жыл ішінде қарыз бен кредит алуға шектеу көзделген;
- азаматтар банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдана алады;
- банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.