Атыраулық кәсіпкерлер ҚР Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты бақылау-кассалық машиналары жүйесін өз қаражаты есебінен бағдарламасын жаңартуға қарсылықтарын білдірді.
Атырау облысының кәсіпкерлер палатасына Жылыой және Құрманғазы аудандарының бизнес субъектілерінен екі ұжымдық өтініш келіп түсті. Атап айтқанда, кәсіпкерлер ҚР Салық кодексіне сатушының талабы бойынша сатып алушының ЖСН БКМ чегінде көрсету міндеті туралы норма қосылуына байланысты туындаған бақылау-кассалық аппараттардың микробағдарламасын енгізу үшін бағаны жоюды немесе төмендетуді сұрайды. Осы жаңашылдықты енгізу үшін кәсіпкерлер өзінің бақылау-кассалық машиналарын 2.0.2 деректерді берудің жаңа хаттамасына қайта бағдарламалауы тиіс. Мұны ағымдағы айдың соңына дейін жасау керек, әйтпесе, егер сатып алушының талабы бойынша бизнес субъектілері чекте оның деректерін көрсете алмаса, онда атушы төлеуі мүмкін.
Бұл мәселе Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Сауда комитетінің жиынында қаралды. Оған облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бейінді басқармаларының басшылары мен мамандары, БКМ техникалық қызмет көрсету орталықтарының өкілдері, қала мен аудандардың кәсіпкерлері қатысты.
«Соңғы уақытта бақылау-кассалық машиналарды қолдануға байланысты бірнеше өзгерістер болды. Біз олардың барлығын орындаймыз. Өткен жылдың соңында бізге БКМ бағдарламасын жаңарту керек екені туралы хабарланды. Өйткені қазір сатып алушының талабы бойынша чекте оның ЖСН-ін көрсетуге міндеттіміз. Бұл қызметтің құны БКМ маркасына байланысты 12-ден 27 мың теңгеге дейін құрайлы. Біз инновацияларға қарсы емеспіз, бірақ неге олардың барлығы кәсіпкерлердің қалтасынан төленуі керек? Біз Алматыдағы әріптестерімізге қызығушылық таныттық: Алматыда бұл сома шамамен 7 мың теңге айналасында. Неліктен мұндай айырмашылық бар? Карантиннен кейін онсыз да қиын жағдайдамыз. Біз бұл қызметті тегін ету немесе бағаны айтарлықтай төмендетуді сұраймыз, өйткені бағдарламаны жаңартудың қазіргі құны біз үшін өте жоғары», – деп шағымданды Жылыой ауданының кәсіпкері Жадыра Арыстанғалиева.
Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Ақбота Тойбазарова бұл мәселені шешу мемлекеттік органның құзыретіне кірмейтінін және БКМ микробағдарламасының құнын БКМ техникалық қызмет көрсету орталықтары белгілейтінін атап өтті.
«Бақылау-кассалық машиналарға техникалық қызмет көрсетумен арнайы орталықтар айналысады. Бізде мұндай өкілеттіктер жоқ. Қызметтің құнын олар белгілейді. Әзірге жаңа хаттамаға көшу мерзімі 2023 жылдың 31 қаңтарына дейін белгіленді, бірақ бұған дейін ол мерзім орталық мемлекеттік органдардың жүктемесіне байланысты бірнеше рет ауыстырылды. Біз нарықтың наразылығын түсінеміз және Мемлекеттік кірістер комитетіне ұсыныс енгізуге дайынбыз», – деп атап өтті Ақбота Тойбазарова.
«Жайық KZ» БКМ техникалық қызмет көрсету орталығының өкілдері микробағдарламаның жоғары құнын өздері орындаушы және бағдарламалық жасақтама өндірушілері белгілейтін бағаларға тәуелді екенін түсіндірді.
«Бағдарламалық қамтамасыз ету бізге тиесілі емес. Біз жай ғана делдалмыз. Кодтарды сатып алып, оларды іске қосатын өндірушілер бар, олар өздері бүгінгі күні өте қымбат бағаны белгілейді. Ресми талап бар, оған сәйкес біз бағдарламалық жүйелерді Қазақстанда бас жеткізуші болып белгіленген компаниялардан ғана сатып алуымыз керек», – деді «Жайық KZ» компаниясының өкілдері.
Мәселе орталық деңгейде шешуді талап ететінін ескере отырып, Атырау облысының кәсіпкерлер палатасының мамандары талқылау қорытындысы бойынша облыстың басқа аудандары бойынша талдау жүргізу және «Атамекен» ҰКП-ға тиісті хат жолдау туралы шешім қабылдады.
«Бүгінде бізде Жылыой ауданының 155 кәсіпкері мен Құрманғазы ауданының 81 кәсіпкерінен екі ұжымдық өтініш бар. Бизнес тарапынан түскен наразылықты орынды деп санаймыз. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдерімен бірлесіп талқыладық. Біздің позициямыз мынадай: егер мемлекет белгілі бір ойын ережелерін белгілесе, онда олар орындалуы керек, онымен біз бәріміз келісеміз. Бірақ өзгерістер бизнес үшін қосымша ауыртпалыққа айналмауы керек. Салықтар мен алымдардан басқа, қазір кәсіпкерлер Салық кодексіне енгізілген жаңашылдықтар үшін өз қалтасынан төлеуге мәжбүр, сомалары қомақты. Біз «таза парақтан» реттеу шеңберінде мемлекет тарапынан өзгерістер бизнес үшін қосымша шығынсыз енгізілуі тиіс деп санаймыз», – деп түйіндеді Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев.
Мемлекеттік кірістер департаментінің деректеріне сәйкес, Атырау облысында 23289 кәсіпкерге тиесілі 31 мың бақылау-кассалық машина тіркелген. Оның ішінде 10 мыңнан астамы деректерді берудің жаңа хаттамасына көшті.