Сарапшылар 2023 жылдан бастап елде тұрғын үй бағасы арзандағанын айтады. Мәселен, мамыр айында баға 0,4%-ға төмендеп, бір шаршы метр үшін орташа баға 374 мың теңге болыпты. Тұрғын үй нарығындағы сатылым деңгейінің түсуіне байланысты Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев күзде құрылыс нарығы тығырыққа тіреліп, мыңдаған адамның жұмыссыз қалғанын мәлімдеді. Бұл пікірмен Құрылыс компаниялар ассоциациясы да келісіп отыр. Дегенмен экономист тұрғын үй нарығына қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді. Сөзінше, елде баспананың қолжетімді бағасы қалыптасады, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Сатылым деңгейінің түскеніне байланысты емес
Қазақстан құрылыс компаниялары ассоциациясының өкілдері алдағы уақытта жылжымайтын мүлік нарығында өзгерістер болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Себебі халықтың табысы төмендегендіктен, тұрғын үй сатылымының деңгейі түсіп кеткен.
“Мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілмесе, алдағы уақытта құрылыс саласында дағдарыс болуы мүмкін. Бұл жылжымайтын мүлік нарығына кері әсер етері сөзсіз. Дегенмен үй арзандамайды. Себебі елде инфляция деңгейі жоғары, сондай-ақ баспанаға деген сұраныс әр уақытта болады. Жыл сайын азаматтар отау құрып, балалар дүниеге келеді. Сондықтан үйлі болу көпшілік үшін маңызды болып қала береді”, – делінген ассоциация жауабында.
Мамандардың сөзінше, 7-20-25 бағдарламасына бөлінетін қаржының азаюы тұрғын үй саласындағы сауда-саттықтың қысқаруына айтарлықтай әсер етіпті.
“Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне көз жүгіртсек, 2023 жылдың наурызында 24 мыңнан аса келісімшарт жасалса, 2022 жылдың дәл осы кезеңінде 67 мыңнан аса келісімшарт жасалған. Демек тұрғын үй сату деңгейі 64,2%-ға азайған. Әйткенмен 7-20-25 бағдарламасына бөлінетін қаржының қысқаруы пәтер бағасының түсуіне әсер етпеді. Тек құрылыс компаниялары салатын үй саны азайған. Наурызда Қазақстан бойынша 4 жаңа нысанның құрылысы басталса, сәуірде олардың саны 5-ке, мамырда 8-ге көтерілді”, – деп қосты ассоциация өкілдері.
Пәтердің шаршы метрінің өзіндік құны 380 мың теңге
Құрылыс компанияларының ассоциациясы Қазақстанда құрылыс саласы импортқа тәуелді дейді.
“Елімізде цемент, арматура, керамикалық кірпіш, жылу оқшаулағыш материалдар, құрғақ қоспалар өндіріледі. Бірақ нарықтың сұранысын қанағаттандыра алмайды. Оның үстіне сапалы сантехника, жарық жабдықтары, қасбетке арналған материалдар қымбатқа шетелден әкелініп отыр. Бұл мәселені шешу үшін отандық өндірісті жолға қою қажет. Бірақ импортқа тәуелділік деңгейі бұрынғыдай. Құрылыс компанияларына әлі де кірпіш, арматура, қасбет материалдары, күрделі технологиялық жабдықтар жетіспейді”, – делінген ұсынылған ақпаратта.
Ассоциацияның тілшімізге ұсынған жауабына сүйенсек, елдегі пәтер бағасы тұрғын үйдің класына (эконом, комфорт, бизнес) байланысты екен. Ал үй салудағы шығынның негізгі бөлігі немесе 85% құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмсалады. Оның ішінде 60%-ы құрылыс материалына, жұмысты атқару үшін тағы 25%, қосымша техникаларға 15% жұмсалады екен.
“Егер сыртқы инженерлік желі жақын болса, монолит-каркасты нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарының өзіндік құны әр шаршы метр үшін 305 мың теңге. Үй салу кезіндегі шығындарға жер телімінің бағасы қосылады. Бұл, шамамен, 25-30 мың теңге. Еңбек ақысын шаршы метрге бөлсек, 7 мың теңге, маркетинг пен жарнама үшін қосымша 10-15 мың теңге. Нәтижесінде пәтердің шаршы метрінің өзіндік құны 380 мың теңге болады”, – делінген жауапта.
Құрылыс компанияларының қауымдастығы жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай көбіне мемлекетке байланысты екенін атап өтті. Егер жаңа ипотекалық бағдарлама ашылып, несие беруде субсидия бөлсе, құрылыс нарығындағы дағдарыстың алдын алуға болады екен.
Алдағы уақытта баспананың орташа бағасы белгіленеді
Экономист Арман Бейсембаев қазіргі уақытта жылжымайтын мүлік нарығындағы 2020 жылы басталған қызу сауда бәсеңдегенін мәлімдеді. Оның пікірінше, азаматтардың жаппай пәтер сатып ала бастауына коронавирус пандемиясы да әсер еткен.
“2020 жылы үйден шығуға тыйым салынды. Алматыға сырттан келіп жұмыс істейтіндер пәтер жалдап, бірнеше айға қалада қалып қойды. Сондықтан азаматтар үйлі болу мәселесіне көбірек назар аудара бастады. Осылайша Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығы қарқынды дамыды. Сату-сатып алу туралы келісімшарттар көбірек жасалды. Мұны “посткарантиндік қалпына келу” кезеңі деп те атауға болады”, – деп атап өтті қаржыгер.
Арман Бейсембаевтың пайымдауынша, зейнетақы қорынан ақша шешіп алуға мүмкіндік беру де елдегі тұрғын үй саласының алға жылжуына серпіліс берген.
“Бірақ бұл науқан ұзаққа созылмады. Зейнетақы қорынан ақша шешуге қатысты өзгерістер енгізіп, тоқтап қалды. 2023 жылы үйлердің сатылу деңгейі азайғаны байқалады. Қазір жылжымайтын мүлік нарығы бір қалыпқа түсіп жатыр. Нарықта алдағы уақытта баланс орнайды деп ойлаймын, яғни баспананың ақылға қонымды, орташа бағасы белгіленеді деген сөз. Себебі сұраныстың артуы және зейнетақы қорынан ақша шешуге мүмкіндік беру, мұның барлығы баспана бағасының шамадан тыс өсуіне алып келді”, – деді Арман Бейсембаев.
Қаржыгер түрлі жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың үйді “қолжетімсіз” ететінін атап өтті.
“Жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама баспаны қолжетімді етуі керек еді. Алайда мемлекет 7-20-25 бағдарламасын қысқарту арқылы мұндай бағдарламаның баспананы керісінше қолжетімсіз еткенін мойындады. Иә, ипотекалық бағдарламаны пайдаланып үй алатындар көбейді. Бірақ сұраныс нарықтағы ұсыныстан асып түсті. Тұрғын үй нарығында баға осылайша көтерілді. Экономиканы алдау мүмкін емес. Қазір 7-20-25 бағдарламасы қысқарған соң құрылыс компаниялары тарапынан бірден шағымдар түсті. Егер кәсіп нарықтағы жағдайға бейімделе алмаса, жұмыс істемей-ақ қойсын. Құрылыс компанияларына осыны айтқым келеді”, – деді Арман Бейсембаев.
Тұрғын үй нарығына қауіп төніп тұрған жоқ
Экономистің сөзінше, елде жылжымайтын мүлік нарығы тұралап қалғанымен, кәсіпке айтарлықтай қауіп төніп тұрған жоқ. Себебі тұрғын үй нарығына мемлекет қолдау көрсетеді, дейді ол.
“Бұл күнге дейін үйлі болуды аңсаған адамдар үйлерін алды. Меніңше, екінші немесе үшінші баспана алатындар аз. Нарықта баспана саудасының тұралап қалуы – қалыпты жағдай. Ал жылжымайтын мүлік нарығы ел экономикасы өсімінің мултипликаторы. Егер тұрғын үй нарығы құлдыраса, елдің экономикасы да құлдырайды деген сөз. Бір үйді салу үшін қанша адам жұмыспен қамтылады, қаншама құрылыс материалы сатып алынады. Үй қолданысқа берілген соң азаматтар пәтеріне тұрмыстық техника және т.б. сатып алады. Осылайша үлкен тізбек түзіледі. Ал мемлекет экономиканың құлдырауына жол бермейді. Сондықтан құрылыс компаниялары босқа дүрлігіп отыр”, – деп түсіндірді қаржыгер.