Болат Назарбаев әйгілі «Барыс» автокөлік базарынан да айырылуы мүмкін, деп хабарлайды kazbusiness.kz Алматы облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Қарасай ауданының прокуратурасы жалпы ауданы 35 гектардан асатын жер учаскелерін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тануды талап етті.
Өйткені, бұл жерлер «суармалы егістік» ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты, ал Жер кодексіне сәйкес (97-баптың 3-тармағы және 4-тармағы) ауыл шаруашылығы алқаптары ерекше қорғалуға жатады. Нысаналы мақсатын негізсіз өзгертуге жол берілмейді.
Алайда, жерді беру туралы шешім жергілікті атқарушы органдардың (Қарасай ауданы мен Қаскелең қаласының әкімдігі) келісімімен ғана жасалған.
Аудан прокуратурасы азаматтардың мүддесі үшін осы жер учаскелерін жеке қолға берудің заңсыздығына байланысты, сондай-ақ Азаматтық кодексінің 158-бабын басшылыққа ала отырып, сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тануды және оларды мемлекет балансына қайтаруды сот арқылы талап етуде.
Келесі сот отырысы 2023 жылдың 11 сәуіріне қалдырылды.