Озық технологиялар мен білім ғасырында ең маңызды басымдылықтардың бірі – басшы болу. Ал нағыз басшы болу үшін көшбасшылық қасиеттерді дамыту керек. Көшбасшылық қасиеттерді дамыту – мансап пен өмірдегі табыстың кілті. Міне нағыз көшбасшыны, лидерді тәрбилеу мақсатында “Дарабоз” жобасы бастау алған. Жас кәсіпкер Қуаныш Шахановтың бастамасымен бастау алған пилоттық жобада қазіргі уақытта 14 дарабоз тәрбиеленуде, деп жазады kazbusiness.kz тілшісі.
Жобаға оқушылар Қаскелең қаласындағы 8 мектеп ішінен іріктелді. Жобаның стипендианты атану үшін оқушылар екі кезеңнен тұратын сынақтан өтті. Біріншісі эссе жазу болса, екіншісі сұхбаттасу болды.
Айта кетейік, дарабоздықтардың ұраны – “Бақытты балалықтан озық ойлы даралыққа”.
Стипендияға:
- тегін ағылшын тілі курсы;
- тегін дебат курсы;
- ҰБТ-ға дайындайтын курс;
- ай сайын 10 мың теңге көлемінде шәкіртақы кіреді.
Еске салсақ, оқушыларға стипендия демеушілердің қолдауымен беріледі. “Дарабоз” жобасына “Алматы тұрмыстық техника зауыты” ЖШС, “Ces for you” тіл орталығы, “КурсAnt” білім беру орталығы, “Ansar foods” кәсіпорны және т.б кәсіпорындар демеушілік көмек көрсетеді. Кей кәсіпкерлер есімдерін атамай, жасырын қалғанды жөн көрді.
Абулқасым Сойырқас басшылық жасайтын “Алматы тұрмыстық техника” зауыты қазіргі уақытта Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Моңғолия сынды мемлекеттерге тұрмыстық техниканы, теледидарды эспорттауда. Одан бөлек облыстық әкімдік пен кәсіпорын екіжақты келісімге отырып, 25,2 млрд теңгеге меморандумға қол қойған еді. Қазіргі уақытта “Қайрат” индустриялық аймағында 60 гектар аумаққа жаңа зауыт құрылысы жүргізілуде.
Ал италяндық технология арқылы макарон өнімдерін шығаратын “Ansar foods” кәсіпорны болса жылына 10-15 мың тонна өнім өндіруді жоспарлап отыр. Сонымен қоса фабрикада 21-ден аса өнім түрі шығарылады. Өнімділік қуаты жылына 2,5 мың тоннаны құрайды. Мемлекеттің қолдауынсыз жетістікке жеткен кәсіпорын аумағы 80 соты жерді алып жатыр. Өндіріс аумағы 1500 шаршы метр болса, қоймалар 1000 шаршы және 200 шаршы метрде кеңсе орналасқан.
“Желтоқсан айында балалар 3-ші шәкіртақысын алды. 10 мың теңге бізге аз көрінгенімен, мектеп оқушысы үшін ол едәуір қаражат. Оған өзіміз көз жеткіздік. Жылды қорытындылау мақсатымен степианданттардың қатысуымен “түрлі-түсті” (цветная) кеш ұйымдастырдық. Сол жерде оқушылардан «10 мың теңге жете ме?» деген сауал қойдық. Кей оқушылар қаражатты жинағанын айтса, ендібірі ай сайын үстіне киетін киімін алғанын айтты. Ата-ананың қалтасына салмақ түсірмей, өзінің еңбегімен тапқандарына риза екендерін жеткізді. Кейбірі қосымша курстарға қаржыны шәкіртақыдан төлеп жүр”, – дейді Қуаныш Шаханов.
Сондай-ақ, “Курсант” мектебін 10-11-сынып оқушыларын қабылдап, олардың ҰБТ-ны тапсырып, оқуға түсуіне жағдай жасайды. Жан-жақты терең білім беретін бұл мектепте дарабоздық балалар дебат курсын оқуда. Курсты жаз мезгіліне дейін оқып, одан ары қарай таңдаған пәндері бойынша ҰБТ-ға дайындалады.
“Балаларды күнделікті қатаң бақылауда ұстаймыз. Жоба жетекшісі ретінде тапсырма беріп, орындалуын қадағалаймын. 14 балаға апта сайын 1 топ жетекшісін тағайындаймыз. Ол барлығының тәртібіне, тапсырмаларды орындауына, курстарға баруын-бармауына жауап береді. Топ жетекшісі дарабоз оқушылармен байланысып, қадағалап отырады. Өзара мәселе туындаса жоба жетекшісі ретінде маған айтады. Менің тапсырмаларымды қалған оқушыларға жеткізеді. Біз көшбасшы тәрбилеп жатқаннан кейін жауапкершілік сезімін арттырады. Одан бөлек ортасына, досына, айналасындағы жандармен қарым-қатынасын реттеп, қамқорлық сезімін оятады”, – дейді жоба жетекшісі Клара Көпбаева.
Дарабоз балалардың бір күн бос уақыты жоқ. Себебі жоба жетекшісі тарапынан күнделікті тапсырма беріліп, орындалуы талап етіледі. Мысалы бүгін алғыс айту күні, шүкіршілік күні деген сияқты немесе қандай кітап оқығанын айтып, мазмұндап береді. «Дарабоздар қандай мамандық таңдады?» деген сияқты күнделікті сұрақтар қойылады. Оған жауапты оқушылар әлеуметтік желідегі парақшасының сторисінде жариялайды. Одан бөлек мектептегі оқу бағдарламасы да бар.
“Қазіргі уақытта дарабоздар демалыста. Бір апта толық демалыста. Жаңа жылдың алдында дарабоздықтар үшін қиындау кезең болды. Өйткені пән олимпиадалары, тоқсандық емтиханнан бөлек жобаның тапсырмаларын орындады”, – дейді жоба жетекшісі.
Айта кетейік, жоба басталғалы үш ай бойы оқушылардың бір бос күні болмады. Демалыс күндеріне де жоспар құрылып, барынша мазмұнды демалыс өткізілді. Мысалы әр түрлі тақырыпта спикерлармен кездесу ұйымдастырылды, өзара пікір алмасты. Сонымен қатар тимбилдинг ұйымдастырылып, Көлсай көлдеріне барып-қайтты.
Жобаның басталғанына 3 айдан асты. Казбизнес клубтың мақсатының бірі – «Дарабоз» жобасын кәсіпкерлер арасында насихаттау. Сол арқылы демеушілер санын арттыруды көздейді.
“Кәсіпкер ақша табуды ғана ойламауы керек. Ол әлеуметтік жауапкершілікті де сезінуі керек. Осындай мақсатта ниетін білдірген кәсіпкер «Дарабоз» жобасына көмектесе алады. Тимбилдинг, балалармен кездесу болсын барлығы қаражат. Осының барлығы демеушілердің көмегімен жүзеге асып келеді. Яғни «Дарабоз» – демеушілердің арқасында іске асып келе жатқан әлеуметтік жоба”, – деп қорытындылады Қуаныш Шаханов.