Қаржылық алаяқтардың шабуылдары шетелде демалуды жоспарлағандардың демалысын бұзбас үшін Fingramota.kz оларға арнап жадынама жасады.
Ұйымдастырылған және тәуелсіз туристер
Барлық туристер екі топқа бөлінеді: ұйымдастырылған, турларды ресми турагенттіктен тікелей ресімдегендер және өз бетінше сапар шегетіндер. Егер турист турды сатып алса, онда оған кіретін барлық нәрсе үшін туроператор жауап береді, мүмкіндігінше ол жерде қызметтер мен опциялардың көп түрі жазылғаны жөн, осы кезде Сізді шетелде алдау ықтималдығы төмен болады. Сонымен қатар, туроператор бір нәрсе бола қалған жағдайда Сізге сақтандыру компаниясымен және құқық қорғау органдарына жүгіну мәселелерін шешуге көмектесе алады.
Өз бетінше шыққан саяхатшылардың мүдделерін тек өздері ғана қорғайды, сондықтан олар демалыс кезінде болатын барлық жағдайларға өздері ғана жауап береді.
Саяхатқа өз бетінше баратын туристер кездестіруі мүмкін алаяқтықтың негізгі түрлерін қарастырайық.
Авиабилеттерді сатып алу кезіндегі алаяқтық
Алаяқтар сізге жоқ авиабилеттерді сатуы мүмкін. Олар фишингтік сайтты жасайды, яғни кез-келген танымал веб-ресурсты толығымен қайталайтын сайт. Сенімдірек болу үшін бағыттың түбіртегі поштаңызға да келуі мүмкін, бірақ брондаудың растығын тексеруге болатын арнайы сайтта билет нөмірі болмайды. Мұндай сайтқа өз деректерін, әсіресе картасының деректемелерін енгізген пайдаланушы оларды кибералаяқтарға жібереді, содан кейін олар бірнеше минут ішінде олардың банктік шотын тазартып береді.
Ерекше алғыр алаяқтар нақты билетті сатады және оны сіз тексергеннен кейін бірден жояды, өйткені билеттің түпнұсқалығына екі рет көз жеткізу ешкімнің ойына келмейді ғой. Билеттің жарамды екеніне көз жеткізу үшін авиакомпанияға қоңырау шалу қажет.
Қонақ үйді брондау кезіндегі алаяқтық
Саяхатшының өзі қонақ үйді брондап, ал келген кезде күткенінен мүлдем басқа нәрсені алатын жағдайлар жиі кездеседі. Мұның себептері әр түрлі: кішкентай қаріппен жазылғанды оқымау, мәтінді дұрыс аудармау. 3-4 жұлдызды қонақ үйлер, мысалы, шындыққа жанаспайтын ақпарат берулері мүмкін. Сонымен, брондау талаптарында – қонақ үйде тұру ақысын Сіз келген кезде төлей аласыз деп жазылған, бірақ сол жерде картада қажетті соманы резервтеу құқығы орналастыру объектісінде қалады деп көрсетілген. Барлығы да шынайы болып көрінуі және ешқандай күдік тудырмауы мүмкін. Мысалы, төлем жасау сілтемесі booking.com атынан келіп тұруы мүмкін, алайда төлем жасағаннан кейін ақша картадан алынып, жауап ретінде қандай да бір техникалық ақау туралы хабарлама келеді. Осы сәтте бұл алаяқтардың айласы екені бірден байқалады. Сондықтан, тек қана тексерілген сайттарға сеніңіз, міндетті түрде URL-мекенжайдың жазылуына мән беріңіз. Мекенжай жолындағы сайттың жазылуын тексеріңіз, ол HTTPS-тан басталуы тиіс және сол жағында жабық құлпының суреті болу керек.
Кейбір қонақ үйлер банк картасының деректерін, оның ішінде брондауды растау үшін картаның екінші бетіндегі үш таңбалы кодты сұрап, саяхаттаушылардан төлемақыны шығар кезде жасауды сұрайды. Егер сізден кімде-кім CVV/CVC-кодты сұрайтын болса, бұл алаяқтар болуы мүмкін. Картаңыздың толық деректемелерін ешкімге айтпаңыз және қонақ үйде қоныстану мерзімінің барысында барлық чектеріңізді сақтаңыз.
Қоғамдық Wi-Fi-ды пайдалану кезіндегі алаяқтық
Интернеттегі ақшалай операцияларды жүзеге асыру кезінде өз құрылғыңызды пайдаланып, қоғамдық компьютерлерде және жалпыға ортақ интернет-желілерінде өз деректеріңізді енгізуден бас тартқаныңыз жөн. Тегін Wi-Fi-ды, әсіресе сіз интернет-төлемдер жасайтын болсаңыз қолдануға кеңес берілмейді. Кибералаяқтар үшін мұндай жүйе бойынша деректерді ұрлау қиынға соқпайды.
Сіздің шетелдегі веб-серфингіңіз қауіпсіз болуы үшін, гаджетіңізді алаяқтық шабуылдардан қорғайтын вирусқа қарсы бағдарламаларды қолданыңыз. Құрылғыңызда әлеуетті қауіп бола алатын трояндық вирустардың болуын профилактикалық тексеру туралы ұмытпау қажет.
Саяхаттаушыларға арналған тағы бірнеше пайдалы кеңес
Демалыс кезінде үлкен қаражатты және маңызды құжаттарды өзіңізбен бірге алып жүрудің қажет жоқ. Өйткені бүкіл әлемдегі ірі қалалардың көбісінде банк картасымен есеп айырысуға болады, сондықтан картаңызды смартфоныңызға тіркеп қойғаныңыз жақсы. Бірақ, бұл жағдайда оған мұқият болып, оны қараусыз қалдырмаңыз.
Көптеген алаяқтар өздерінің әлеуетті құрбандарын алдын ала аңдып жүретінін есте ұстаңыз. Өкінішке қарай, тәжірибесіз туристі бірден тануға болады, ол абыржыған қалып танытып, алаңғасар болады. Тонаушылар өз көмегін ұсынып, қаланы көрсетуге уәде беруі мүмкін, сондықтан бейтаныс адамдарға сене бермеңіз. Әсіресе өз дербес деректеріңізді және картаңыздың толық деректемелерін танымайтын адамдарға ешқашан хабарламаңыз. Мысалы, мейрамханадағы шотты төлейтін кезде картаңызды даяшыға бермеңіз, ол құрылғыны сіздің үстеліңізге әкеліп, сіздің көзіңізше төлемді қабылдауға тиіс.
Өз шотыңыз бойынша қандай операциялардың орындалғанын көріп отыру үшін картаңызға SMS немесе push-хабарлама қосыңыз. Шетелге шығар кезде виртуалды немесе цифрлық – бөлек карта ашып қоюға кеңес береміз. Оны өз қажеттілігіңізге қарай мобильдік банкинг арқылы басқа шоттан толықтырып отырыңыз. Оны қонақ үйлерді брондау үшін, мейрамханалар мен дүкендерде төлем жасау үшін немесе интернетте сауда жасауға қолданыңыз. Сізге туроператордан немесе қонақ үйден-мыс SMS немесе электрондық пошта арқылы хабарлама түрінде келуі мүмкін күмәнді сілтемелер арқылы өтпеңіз.
Сәтті әрі қауіпсіз сапар тілейміз!