Қорғаныс министрлігі мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың әскери бөлімнен қашып кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
«2 шілде күні Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді қызметін өткеріп жатқан қатардағы жауынгер Б. қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін (бұйрыққа бағынбау немесе оны өзгедей орындамағаны үшін гауптвахтада ұстау түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды) әскери қызметшінің сүйемелдеуімен әскери бөлімнің орналасқан жеріне қайтып бара жатқан кезінде белгісіз бағытта қашып кеткен. Әскери қызметшінің орналасқан жерін анықтау бойынша іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылды», – делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс тағайындалды.
Айта кетейік, осыған дейін заңгер Анна Чернова депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашып кеткенін мәлімдеген еді.