Алматы облысының кәсіпкерлері тарапынан Екібастұзға 500 дана жылытқыш құрал жеткізілді. Аталмыш көмек облыс әкімдігінің бастамасымен қолға алынды, деп хабарлайды kazbusiness.kz ақпараттық порталы.
Меценат Зия Талғатов бастаған кәсіпкерлер қиын жағдайда қалған екібастұздықтарға қолдан келгенше көмек көрсетуге өз үлесін қосу туралы шешім қабылдап, жылыту құралымен қамтамасыз етті.
“Қазір 500 дана жылытқыш құрал екібастұздықтарға таратылды. Біздің компания қайырымдылық жұмыстарымен белсенді түрде айналысады. Жыл сайын компания бюджетінен халықты әлеуметтік қолдау үшін, оның ішінде мектептер, үйлер, мешіттер салуға және елдің шалғай өңірлеріндегі балаларға сыйлықтар тарату мақсатында шамамен 30 миллион теңге бөлінеді. Ең қиын сағатта адамдардың бір-бірін қолдап, бір мүдде аясында біріге алуы, тұтас елді елдің бірлігін арттырып, елдің ішкі рухының мықты болуына септігін тигізеді”, – дейді меценат Зия Талғатов.
Сондай-ақ, бизнесмен логистика және коммуникация мәселесінде Алматы облысының әкімдігі қолдау көрсеткенін атап өтті.
Айта кетейік, жылыту құралдары Екібастұз қаласының тұрғындарының өтініміне сәйкес таратылды.
Өз кезегінде Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Мариям Маликованың айтуынша, қаладағы Бауыржан Момышұлы мен Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі көппәтерлі үйдің тұрғындарына аталған жылыту құралдары таратылып берілді.