Қазақ боксшысы Махмұд Сабырхан Ташкентте өткен әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
54 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған жерлесіміз финалда алаң иесі өзбекстандық Ойбек Жураевты жеңді.
Алғашқы раундта боксшылар өзара аңдысып, ара-тұра соққы алмасты. Дегенмен, қарсыласына қарағанда белсендірек болған отандасымыз 1-раунда 5:0 есебімен басым болды.
Екінші раундта Махмұдтың жойқын соққыларынан Ойбектің қас-қабағы тілініп, қан кетті. Өзбекстандық боксшыны тексерген дәрігерлер оған кездесуді жалғастыруға рұқсат берді. Раунд нәтижесі бойынша
4:1 есебімен Махмұд тағы да алға шықты.
Шешуші раундта жағдай өзгере қоймады. Боксшымыз қарсыласынан 3 минут бойы басым болды, әрі өзбекстандық боксшыны 2 рет нокдаунға түсірді.
Осылайша, төрешілер шешімімен Әлем чемпионатында Қазақстан қоржыны екінші алтынмен толықты.
Айта кеткен жөн, бұған дейін 19 жасар Санжар Ташкенбай 48 келіге дейінгі салмақта алтын жүлде жеңіп алған. Сондай-ақ, Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.