«Денсаулық» ұлттық қауымдастығы, Тұтынушылар ұлттық лигасы және «Report Kontrafakt» коммерциялық жобасы қазақстандық нарықта контрафактілі өнімдердің бар-жоғын тексерді. Нәтижесінде әйгілі брендтердің атауында бір әріп өзгертіліп, контрафактілі кәмпиттер сатылып жатқаны анықталды, деп хабарлайды kazbusiness.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Атап айтқанда, қауіпті тәттілер Павлодардағы «Асыл» базарында және «Олжа» сауда үйінде сатылып келген.
Сарапшылар зертханаға Fiberello кәмпиттерінің үлгілерін тапсырып, нәтижесінде олардың құрамында колиформа — ішек таяқшалары және рұқсат етілген мөлшерден асып кеткен ашытқылар анықталды. Бұл өнімді өндіру және сақтау ережелерінің бұзылғанын көрсетеді. Ашытқы мөлшері нормадан жоғары болғандықтан ағзада улы заттар жиналып, дисбактериозға, асқазан-ішек жолдарының бұзылуына және метаболизмге алып келеді.
«Жалған өнім шығару айтқысыз ауқымға жетті. Нарыққа анализ жасау кезінде анықталған барлық контрафактілі өнімдердің шығу тегі белгісіз», — деді Ұлттық тұтынушылар лигасының президенті Светлана Романовская.
Онымен қоса, тауарлар таңбалау талаптарына сәйкес келмеген: қаптамаларда өндіруші туралы ақпарат, өнім құрамының сипаттамасы болмады.
Мәлім етілгендей, жалған кәмпиттердің қаптамасында көбіне Өзбекстандағы өндіруші компаниялардың мекенжайы көрсетілген. Бірақ ондай мекенжайлар бойынша өндіріс орны болмай шықты. Яғни, тәттілер заңсыз жолмен жасалған.
Светлана Романовскаяның айтуынша, танымал брендтерге ұқсатылып жасалған кәмпиттер — салада бақылаудың толық болмауының дәлелі. Контрафактінің нарыққа түсуін анықтаумен ешкім айналыспайды.
«Басты себептердің бірі — бизнесті тексеруге жарияланған мораторий. Бұл тыйым адал өндірушілер мен заң бұзушыларды әділетсіз жағдайларға душар етеді», — деді ұйым басшысы.
Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, 2018 жылдан 2021 жылға дейін елге 30 миллиард теңгеге контрафактілі өнім әкелінген. Бұл көлем жыл сайын 10 пайызға артып отыр.