26 мамыр күні Қазақстанның барлық ірі қалаларында бір мезгілде «Халық заңгері» кең ауқымды республикалық акциясы өтеді, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Акция аясында құқықтың барлық салаларындағы жетекші сарапшылар тегін кеңес береді. Шараға әкімдер мен мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысады. Заңгерлер кеңес береді, ал мемлекеттік органдар азаматтарды қабылдайды. Азаматтарды қабылдау уақыты шектелмейді, барлық келушілерге толық қызмет көрсетіледі.
Акцияға тәжірибелі, беделді заңгерлер, нотариустар, прокурорлар мен кәсіби деңгейі жоғары заңгерлер қатысады. Сондай-ақ тергеушілерге, сот орындаушыларына, полиция қызметкерлеріне, кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін қызметкерлерге, әділет органдарына, көші-қон полициясына, банк омбудсменіне мәселеңізді айта аласыз. Қабылдауды жауапты басшылық қызметтерді атқаратын ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың өкілдері жүргізеді.
Жобаның мақсаты – азаматтардың, әсіресе, халықтың осал топтарына: аз қамтылғандарға, көп балалы отбасыларға, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, шағын және орта бизнес өкілдері, студенттер және басқа да көптеген азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заңгерлік көмек көрсету.
Шараны Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Zakon.kz интернет-басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік органдар, белгілі заңгерлер мен адвокаттар ұйымдастырып отыр.
«Халық заңгері» теңдесі жоқ бірегей акциясы 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. 2016-2022 жылдар аралығында тегін заң көмегіне жүгінген жүз елу мыңнан астам азамат тегін заң көмегін алды, жеті мыңнан астам адвокат пен мемлекеттік органдардың басшылары олардың сұрақтарына жауап берді.
Азаматтардың түрлі сауалдары бар. Біреу азаматтық, біреу қылмыстық іс бойынша ақылдасқысы келеді. Біреу – тұрғын үй заңнамасы бойынша, біреу – еңбек, банк, жер, салық бойынша. Біреулерді отбасы мен неке мәселелері қызықтырады, басқалары мұрагерлік, жылжымайтын мүлік, айыппұлдар, несие беру, кибербуллинг және т.б. Көбінесе адамдар құқықтық жанжал туындаған жағдайда өзін қалай қорғау керектігін, неден бастау керектігін білмейді және бұл жерде «Халық заңгерінің» көмегі баға жетпес болмақ.