Жалақыдан келесі жалақы алғанша ақшасын жеткізе алмай жүргеннен жеке кәсіп ашып, өзіңе өзің жұмыс істегенге не жетсін. Бүгінде елімізде қарапайым қызметкерліктен гөрі бизнес жүргізуге қызығушылық танытатындардың қатары көбейіп келеді. Дегенмен көпшіліктің бизнес ашуға ниеті болғанымен біліктіліктері мен қаржының жетіспеушілігі кедергі келтіріп жатады. Сондықтан, мамандардың айтуынша, ең алдымен жеке кәсіп ашу үшін идеяны пісіріп алу керек.
Көздеген бағытыңыз қандай, оған әлеуетіңіз, төзіміңіз бен уақытыңыз жеткілікті ме? Міне, осы секілді сан сауал туындайды. Кәсіпті жаңа бастауға ниеттілер үшін бүгінде жер-жерде түрлі семинарлар өткізіліп тұрады. Халықты жұмыспен қамтуға қатысты елімізде бірнеше бағдарламалар қабылданған. Нәтижелі жұмыспен қaмтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту.
Жеке кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетем деушілер үшін мемлекет тарапынан қолдау бар. Өзінің жеке ісін бастауды жоспарлап, жобасын сызып жүрген еңбекке құштар, озық ойлы адамдарды қолдау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүйелі жұмыс істеп жатыр.
Кәсіп ашамын дегенді оқытады, бизнесті бастаудың қыр-сырын түсіндіреді. Кейін курсты тәмәмдағандарына қолжетімді пайызбен шағын несие береді. Оны алатын адамға қойылатын басты талап, жұмыссыз немесе өзін өзі жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер болуы шарт. Оған қоса, бизнес бастау курсын оқуы керек. Кез келген кәсіп ашу үшін несие 5 жылға есептеледі. Ал Мал шаруашылығы және ауылшаруашылық кооперативтерін құратындар несиені 7 жылға бөліп төлейді.
Несие мөлшері кәсіпкердің тұрғылықты мекенжайына да байланысты. Мәселен ауылда немесе шағын қалада тұратын азаматтар ең көп дегенде 2,5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде несие ала алады. Якорлық кооперацияны дамытуға 5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде беріледі. Қала және моно қалада кәсіп ашуға ниеттілерге 6,5 мың, ал Астана мен Алматы, Ақтау және Атырау қалалары азаматтарының 8 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде шағын несие алуға мүмкіндігі бар.
Кәсібін бастауға кіріскен кәсіпкер оны заңдастыру үшін ең алдымен тіркеліп, жеке кәсіпкер куәлігін алуы қажет, оған шамамен 20 мың теңге ақша кетеді. Тұрғылықты аймақ бойынша салық органына жеке кәсіпкерді тіркеуге қою үшін арнайы салықтық өтініш жазылады. Бұл өтініш салық органына қабылданғаннан кейінгі үш күн ішінде жеке кәсіпкерді салық төлеуші ретінде тіркеу жүргізіледі және оған жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуге алынғаны жөнінде арнайы куәлік береді.
Кәсіпкер салық органына салықтық өтініштен бөлек жеке куәлігі көшірмесін, 3,5х4,5 фотосуретін, дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркегені үшін төлеген алым сомасын растайтын түбіртек-құжат, тұрғылықты жерін растайтын құжат ұсынады. Осы арада айта кетер жай, мұндай алым бір рет төленеді. Оның көлемі 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде есептелген. Бұл алымнан шаруа қожалықтары, фермерлер мен I, II, III топтағы мүгедек адамдар, ҚР азаматтығын алмағанға дейін кәсіпкерлік қызметін бастаған оралмандар босатылған.
Қазір жеке тұлғалар жеке кәсіпкерлік ашу үшін өтініш емес, жеке кәсіп ашып бастағаны туралы хабарлама жасаса болғаны. Аталмыш хабарлама кәсіпкер ретінде тіркелуді қамтамасыз етеді. Егер жеке кәсіпкерлік бірлескен болса, онда кәсіпкерліктің уәкілетті өкілі қалған мүшелердің қолы бар сенімхатты көрсетеді.
Бұл тізімге салық түрлерін, кеңсе жалдау құнын, ең болмағанда 1 қызметкер жалақысы (жеке кәсіпкерлікте ең болмағанда есепші қажет), жарнама үшін бастапқы капитал қажет.
Мамандардың айтуынша, жеке бизнесті ашуда ең маңыздысы жүйелі бизнес-жоспар құру. Шағын кәсіпкерлікте әр қадамды, жұмсалған қаражатты жазып отырсаңыз, іс жүйелі, қаржы үнемді болады
Жаңа кәсіпті бастау үшін уақытты тиімді пайдалану, ерте тұру, кездесулерге кешікпей бару өте маңызды. Орынсыз қарызға кіру, несие алу жаңадан құрылып келе жатқан бизнеске кедергңі болады. , оны тұрақты жүргізуге алдымен жаттығу керек.
Өз кәсібін сүю, өзін өз қамшылау, алға ұмтылу, өзіне өзі сену кәсіпкерді жүйелі арнаға салып, мақсатын айқындай түседі.
Дархан Кәрімов, Foodtruck бизнес-жобасының иесі: «Қай салада кәсіп ашасыз, қаржының көлемі соған байланысты. Ал жалпы алғанда, менің ойымша, қаржысыз да кәсіп ашуға болады. Мысалы, бейнеролик түсіретін компания ашу үшін қандай қаржы керек? Ешқандай. Тапсырыс аласыз да, қажетті мамандарды жалдап жұмыс істей бересіз. Тек жеке кәсіпкерлік ретінде тіркелу үшін ғана ақша керек. Оның өзі көп қаржы емес қой».
Өзінің жеке кәсіпкерлігін бастағалы отырған ынталы адамға жарнама, мультимедиалық мүмкіндіктер мен логистикалық құралдар ауадай қажет. Жеке кәсіпкерлікте әлеуметтік желілердің көмегімен тегін жарнама жасауға болады.
Нарық қалайтын өнімдерді шығару арқылы тиімді бизнес саласын құру отандық және шетелдік сату алаңында сүбелі орын еншілейтіні сөзсіз. Тіпті қолыңыздағы ұялы телефон арқылы да жанрамалауды жолға қоюға әбден мүмкін. Ақпараттық-технологиялық ағымда меңгерілген коммуникациялар бұл мәселелер шешімін табады. Ол үшін веб-жобалар, оқылымды контент, жарнама аймағы қажет.
Өз ісін жақсы көру, уақыт пен қаражатты өз пайдасына жұмсай білу, жетістікте өмір сүру, биік мақсаттарды бағындыру – сәтті құрылған бизнестің жемісі.