Әлеуметтік желіде Ақтау тұрғындары Каспий теңізі суының қара түске боялғанын айтып, дүрлікті. Көп ұзамай экологтар желіде тараған видеоға қатысты пікір білдіріп, бұның себебін түсіндірді деп хабарлайды Kazbusiness.kz
Каспий суының қара түске боялғаны бейнеленген видео EGOV.PRESS Telegram-арнасында жарияланды. Пост авторлары бұл экологиялық апаттың белгісі болуы мүмкін деп топшылаған.
Экологтар видео түсірілген аймаққа барып, тексеріс жүргізген екен. Белгілі болғандай теңіз суының қара түске боялуына балдырлардың шіруі мен теңіз қайраңында лайдың жиналуы себеп болған.
“Лай көп жағдайда судың тартылуы мен тұрып қалуынан пайда болады. Судың тұрып қалуына жақында салынған заңсыз тасты пирс әсер кеткен. Пирсті бұзу жұмысы 19 мамырда аяқталды. Ағыс қалпына келгендіктен қазіргі таңда табиғи судың жаңаруы жүріп жатыр”, – делінген Маңғыстау облыстық экология департаментінің хабарламасында.
Бұл ретте министрлік жағалауды лай мен басқа да лас заттардан тазарту бойынша шаралар қабылданатынын атап өтті.
“Аталған факті бойынша департамент тиісті мемлекеттік органдарға хат жолдады”, – деп қосты министрліктің баспасөз қызметі.
Естеріңізге салсақ, жағалаудың бұл бөлігі 2021 жылдың 29 қазанынан бастап “Mangystau project” ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына берілген.