Жиында баяндама жасаған аймақ басшысы облыстың өнеркәсіп көлемінде ауданның үлесі бар болғаны 0,2%-ды құрайтындығын және он ауданның ішінде 9-шы орында екенін айтты.
Балқаш ауданында балық кәсібімен айналысатын 16 шаруашылық тіркелген. Оның ішінде, әр қайсысының өңдеу қуаттылығы тәулігіне 30 тонна болатын «Сом и Д», «Қарой балық» атты екі бірдей өңдеу өнеркәсібінің жұмысы 2019 жылдан бастап тоқтап тұр.
Бүгінгі таңда балық шаруашылығы перспективалы бағыттардың бірі болып табылады және Үкімет балық саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады, деген Марат Елеусізұлы Ауыл шаруашылығы, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларына инвесторларды тарта отырып, Алматы облысында балық шаруашылығын дамыту жоспарын іске асыру жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімі аймақтағы өнеркәсіп көлемін ұлғайту үшін аудан әкіміне ет пен сүтті қайта өңдейтін жаңа өндірістер құру жөнінде ұсыныстар енгізуді және нақты шараларды жүзеге асыруға басымдылық беру қажеттігін айтты.
Аудан тұрғындарымен кездесу барысында, Марат Сұлтанғазиев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық деңгейдегі әкімдердің қызметін бағалаудың маңызды көрсеткіші ол инвестициялар тарту екендігін атап өтті. Осыған орай, жыл басынан бері облыс экономикасына 215,6 млрд. теңге инвестиция тартылғандығын, ондағы Балқаш ауданының үлесі 1%-ды құрады, яғни аудан экономикасын дамытуға тек 2,3 млрд.теңге салынғанын айтты.
«Осы жылы 30 жұмыс орнын құрумен 105 млн.теңгеге барлығы 3 жобаны іске қосу жоспарлануда. Қуаттылығы жылына 200 тонна бордақылау кешенін құру; 480 бас ірі қара мал, 1200 бас ұсақ мүйізді мал, 240 бас жылқы мал сою цехын ашу; 8 фермерлік үй салу қажет»,- деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Сол себепті кездесу барысында Балқаш ауданының әкімдігіне инвесторларды тарту және шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жұмысты жандандырып, қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде оларға мемлекеттік қолдау көрсетуі қажет деп, тапсырма берді.