Қаржылық мониторинг агенттігінің елордалық департаменті “MMK Investment” инвестиция саласындағы маркетингтік компания атын жамылған қаржы пирамидасы болып шықты, деп жазды kazbusiness.kz сайты.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше , мұндай компания өкілдері салымшыларды ең аз $50 инвестициямен тарта отырып, күнделікті жоғары табыс және әкелінген әрбір клиент үшін қосымша пайыз төлеуге уәде береді.
“Жеке шоттағы әрбір салым сомасы шарт жасамай “цифрлық түрде” көрсетілді. Сонымен қатар, мұндай жалған қаржылық ұйым клиенттерінің инвестицияланған қаражатты алу мүмкіндігі жоқ, тек шотты толтыру бар”, – делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, MMK Investment компаниясының заңсыз қызметі әлеуметтік желілер арқылы жарнамаланды.
Қазіргі уақытта MMK Investment қаржы пирамидасын ұйымдастырушысы қамауға алынды. ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеудің басқа деректері тергеу мүддесі аясында жария етілмейді.