Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылының неліктен ұзартылғанын түсіндірді деп хабарлайды Kazbusiness.kz.
«Бұл шешімнің басты себептері: балалардың отбасында көбірек уақыт өткізуіне қатысты ата-ана өтініштерінің ескерілуіне байланысты 5 күндік оқу аптасына көшу; оқушыларға жүктемені азайту жөніндегі сарапшылар ұсынысы; оқу аптасының ұзақтығын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкестендіру. Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, ЭЫДҰ елдерінде оқу жылы 40 аптаны құрайды», – деді ол.
Үкімет отырысынан кейінгі кулуарда журналистер «Соңғы қоңырау 25 мамырға қайтарыла ма?» деген сұрақ қойды.
«Біріншіден, бұл мәселе бойынша мамандар шешім қабылдауы керек. Өйткені, бұл (соңғы қоңырауды) тек 25 мамырға айырбастай салу емес. Бұл нақты мемлекеттік стандарттың, бағдарламаның 36 аптаға созылуына қатысты. Соңғы қоңырауды қалпына келтіру басқа өзгерістер алып келеді, яғни 6 күндік оқу жоспарына ауысу немесе пәндегі оқу сағаттарының қысқаруы болуы мүмкін. Бұл жай ғана қайтара салатын дүние емес. Білім саласында жіті, дұрыс сараптама өткізіп, шешім қабылдау керек», – деп жауап берді министр.
Еске салайық, биыл елімізде оқу жылы 34 аптадан 36 аптаға дейін ұзартылды. Осыған сәйкес, оқу жылы 31 мамырда аяқталады.