“Nur Kagazy” зауыты мемлекет қолдауымен гофр өнімдерін шығаратын жаңа цехті іске қосты. Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан зауыт 10 жылдан астам уақыт қағаздан жасалған бұйымдарды өңдеумен айналысып келеді. Негізгі өнімі – түрлі тауарларды қаптауға қажет қораптар. Қазір жоғары сапалы гофрленген өнімге сұраныс тұрақты өсіп келеді, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Осыны ескерген зауыт басшылығы, жаңа бағытты іске қосуды ойластырып жүрген болатын. Компания директорының орынбасары Назым Макпунованың айтуынша, гофрленген бұйымдарды шығаратын жаңа цех салу үшін қуатты жабдық сатып алу қажет болды.
“Жобаны іске асыру үшін мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалана білетін серіктес банкті іздедік. Нәтижесінде Bank RBK біздің өтінімімізді жедел қарап, жобаны “Қарапайым заттар экономикасы” және “Бизнестің жол картасы – 2025″ мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде қаржыландырды”, – дейді Назым Макпунова.
Жедел қаржыландырудың арқасында зауыт аумағында жалпы ауданы 6 мың шаршы метрден асатын жаңа цех салынды, сондай-ақ айына 2 млн шаршы метрден астам гофрленген өнім өндіруге мүмкіндік беретін заманауи жабдық әкелінді. Бұл ретте айта кету керек, жаңа жабдық орнатылғаннан кейін компанияның жұмыс істеп тұрған өндірістік цехтарының операциялық жұмыстары өзгерген жоқ.
Сәтті іске асқан жоба 20-ға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Жақын маңдағы елдімекен тұрғындары жұмысқа тартылды.
Bank RBK Басқарма төрайымы Наталья Акентьева серіктестеріне сенім білдіргені үшін алғыс айтып, өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға сенім білдірді.
“Біз “Nur Kagazy” ЖШС үшін өндірісті кеңейту жобасын қаржыландырудың оңтайлы моделін әзірлегенімізге қуаныштымыз. Бұл компанияға ең тиімді шарттармен жаңа өндірістік нысанды құруға мүмкіндік берді”, – дейді ол.
Компанияның жаңа цех көмегімен Қытай, Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан және басқа да шет мемлекеттерге гофрленген өнімнің экспортын ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, “Қарапайым заттар экономикасы” халық тұтынатын әлеуметтік маңызды тауарлардың импортын алмастыру үшін жасалған. Бағдарлама өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерді қолдап, бәсекелестікті күшейтіп, отандық өнімді дамытуға бағытталған. Ең бастысы, еліміздің импортқа деген тәуелділігін жою болып табылады.
Қазір бағдарламаға 10 ірі банк пен Аграрлы несие корпорациясы қатысуда. Аталған бағдарламаны қаржыландыру Ұлттық Банктің еншілес ұйымы болып табылатын – “Қазақстанның орнықтылық қоры” АҚ арқылы белсенді түрде іске асырылып келеді.
Бағдарлама аясында банк беретін несие пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Осылайша, отандық кәсіпкерге жаңа іс бастауға немесе қолда бар өндірісті кеңейтуге мүмкіндік жасалған.
Қазақстанның орнықтылық қоры “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасының арнайы сайтында іске қосқан болатын. Онда бағдарламаға қатысты толық мағлұматтар мен несиелеу шарттары, қажетті мерзімге несие сомасын есептеуге арналған калькулятор бар.