Отбасылық орта коэффициенттілікті ескерсек (қазақстандық отбасыларда орта есеппен 4 отбасы мүшесі болады) “Отбасы банк” АҚ (“Бәйтерек” холдингінің еншілес ұйымы) көмегімен бүгінде 1,8 млн жуық қазақстандық немесе еліміздің әрбір оныншы тұрғыны өз баспанасында тұрып жатыр, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Олар тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы қолжетімді шарттармен үй немесе пәтер сатып алуға мүмкіндік алды. Аталмыш жүйені Қазақстанда 20 жылдан бері Отбасы банк жүзеге асырып келеді.
Осы уақыт аралығында банк қазақстандықтардың жинақтау мәдениетін қалыптастыра алды және азаматтарды болашақ баспаналарына тиімді қаражат жинақтауға үйретті. Нәтижесінде банк клиенттері 3,5%-дан 10,5%-ға дейінгі (ЖТСМ 3,6% бастап) мөлшерлемемен тұрғын үй сатып алуда.
Жыл сайын тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін пайдаланатын тұтынушылар саны артып келеді. Банк салымшыларының саны оған дәлел. Бүгінгі таңда Отбасы банкінің 2,6 млн салымшысы бар, депозиттік базасы 2,2 трлн теңгеге жетеді, бұл ҚР ЕДБ барлық ұзақ мерзімді депозиттерінің 42% құрайды.
Мемлекет жыл сайын Отбасы банк салымшыларының жинақ шоттарына 20% мемлекеттік сыйлықақы аудару арқылы (200 АЕК-тен аспайтын сомаға есептеледі) қазақстандықтардың жеке шаршы метрлеріне қаражат жинақтауға көмектеседі.
“Бүгінгі күні Отбасы банк миссиясы: қазақстандық отбасыларды жеке баспанамен қамтамасыз ету және Отанға деген сезімдерін нығайту. Өз үйің немесе пәтерің болғанда, еліңе деген сенім күшейіп, отбасын құрып, бала өсіріп, Қазақстанның игілігі үшін еңбек етсем деген ниет те пайда болады. Банк жұмыс істеген барлық аралықты қамтысақ, 465 мыңнан астам несие берілген екен. Орта есеппен отбасында 4 адам болады деп есептесек, еліміздің 1,8 млн азаматы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі көмегімен жеке баспана алды деп айтуға болады. Біз өз миссиямызды абыроймен атқарып келеміз”, – деді “Отбасы банк” АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Қазір банктің ипотекалық портфелі 3 трлн теңгеге жетті. Отбасы банктің елдегі жалпы ипотекадағы үлесі 56 пайызға жетті.
2023 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша 28 872 қазақстандық қолжетімді заем алды, оның 12 пайызы мемлекеттік бағдарламалар аясында.