Талдықорғандағы «Қайнар-АКБ» ЖШС қаланың паспорты деуге болады. Шаһардың тірек өндіріс орны. Кәсіпорынның тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқанына табаны күректей – 50 жыл. Тоқтаусыз деген сөзді айтуымыздың мәні зор. Осы орайда кәсіпорын басшысы облыстық “Жетісу” газетіне сұхбат беріп, кәсіпті дөңгелетуде кездескен қиындықтары және қызықтарымен бөлісті, деп хабарлайды kazbusiness.kz сайты.
Облыс тарап, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмендеп, көптеген кәсіпорын жабылған тоқырау жылдарында да аталмыш зауыт өнім шығарғанын тоқтатқан жоқ. Толыққанды істемесе де, елді аккумуляторсыз қалдырмауға күш салды. Бір өзі бір шаңырақты асырап тұрған азаматтар табыстан айырылмады.
«Елде болса ерінге тиеді» дегендей, зауыт қала халқының ауыр жағдайдан шығуына өз септігін тигізді. 90-шы жылғы тоқырауды еске алған Қуаныш Мәдиұлы: «Асханамызда үздіксіз ыстық тамақтың пісірілуін назарда ұстайтынмын. Қаланың табыссыз қалған біраз отбасын тамақтандыруды мойнымызға алдық. Кейбіреулер үй-ішімен келіп тамақ ішетін. Қала басшылығы әлеуметтік жағдайы қиын отбасылардың тізімін береді. Біз отын-су, азық-түлік жағынан көмектесіп тұрдық», – деп ауыр дерттей елді күйзелткен өтпелі шақты еске алды.
ңгі күнге сендіріп, үмітті үздіртпей алып шыққан осындай атпал азаматтар еді. Әйтпесе, ел өмірден түңіліп, баз кешіп кетудің аз-ақ алдында қалған. Азаматтың адамдығы осы кезде танылды. Бәзбіреулердей жайлы жер іздеп кетпеді. Бар ақшасына алпауыт қалалардан кәсіпорын сатып алып, дүрілдеп кететін жағдайы бар еді. Бірақ ел-жұртын қиындыққа тастамады. «Адал адам айнымас» деген қанатты сөзді Қуаныш Мәдиұлы өмірлік ұстанымына айналдырды.
Бүгінде аккумулятор зауыты толыққанды жұмыс істеп тұр. «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында «Қайнар» зауыты модернизациядан өтті. ТМД-дағы бірнеше қалаға, Орта Азия, Парсы шығанағы іспетті елдерге тауар жөнелтеді. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы әріптестерінің арасында «Қайнар-АКБ» ЖШС – ең сапалы өнім шығарушы. Аккумуляторының күші қуатты. Өнім ұзақ мерзімге шыдамды. Кәсіпорын басшысының ісіне адалдығы, сөзге беріктігі, табандылығы – жетістікке жетудің кілті. Бизнестік әріптестікте басшының сенімділігі, жауапкершілігі көп мәселені шешуге негіз болады.
Алдына айқын мақсат қойған балаң жігіт Қуаныш Мәдиұлы 1975 жылы Талдықорған қорғасынды аккумулятор зауытына жұмысқа орналасып тұрып, болашақта осы зауыттың басшылық қызметіне көтерілу жайлы мақсат қойды. Химия-технология мамандығын алып келген жас жігіт еңбек жолын шебер, аға шебер, бөлім басшысы, бас инженер дәрежесіне дейін көтеріледі. «Еңбегіне қарай өнбегі» деген. Кез келген жетістіктің темірқазығы табандылық. Ол 1987 жылы директорлық қызметке тағайындалды. Кәсіпті бүге-шігесіне дейін меңгеріп, табысты тасқындатты.
«Қазақстанда аккумулятор шығарғанға мол мүмкіндік бар. Біз аккумулятор құрамына пайдаланатын заттарды сырттан алмаймыз. Қуаттағышты құрауға кіретін қазба байлықтар өзімізде шығарылады. Қорғасын көрші облыстан әкелінуде. Ал енді мұны шетелден алатын болсақ, қыруар қаржы жұмсайтын едік. Сондықтан, Қазақстан – кез келген кәсіппен айналысуға тиімді ел. Жақында зауыттың жұмысымен танысуға басқа ұлттар көп шоғырланған облыстан делегация келді. Солар: «Мынандай қиын технологияны меңгеруге қазақ жігіттерін қалай үйреткенсіз?» – дейді. Сонда қазақтар технологияға жұғымсыз деген ұғым әлі де бар. Мен оларға: «Қазақ жігіттері Айға да ұшып жатыр. Оның қасында аккумулятор шығару деген не тәйірі?» – дедім. «Сенім – құдіретті күш. Мысалы, зауыттағы 1210 адамның сенімі, үміті маған күш береді. Одан артық марапат та керек емес», – дейді Қуаныш Мәдиұлы.
Бүгінде елімен бірге еңсе көтерген Қуаныш Мәдиұлы «Құрмет» орденінің иегері. Кеудесінде «Экономика мақтанышы» ордені жарқырайды. Ал «Қайнар-АКБ» зауыты «Үздік ұлттық бренд», «Қазақстанның үздік тауары» номинацияларын иеленді. Іргелі өндіріс орны «Алтын сапа» жүлдесінің жеңімпазы. Зауыттың басшысы істің тетігін тауып, өндірісті өркендетті. Ал өндіріс басшының абыройын арттырды.