Петропавлда қураған шөп салдарынан 9 үйдің өртеніп кетуіне байланысты қала әкіміне сөгіс берілді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, қала басшылығы өрттің алдын алуда тиісті жұмыстарды жасамаған. Мәселен, қураған шөпті шауып, жою үшін бюджеттен жылда қаражат бөлінеді. Биыл осы мақсатқа 67 млн теңге жоспарланған, алайда тиісті жұмыс жүргізілмеген, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
«Қала әкімі жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған. Қураған шөп-қамыс дер кезінде шабылмаған. Осындай жауапсыздықтан тұрғындар баспанасыз қалды. Бар мүлкінен, құжаттарынан айырылды. Мұның алдын алуға болар еді, егер де тиісті жұмыс уақытында жүргізілсе. Арнайы қаржы бөлінбесе, ақша болмаса мен түсінер едім», – деді облыс әкімі Айдарбек Сапаров.