ЕЭК кеңесі Қазақстанға шикі қантты бажсыз әкелуді бірауыздан қолдады, деп хабарлайды kazbusines.
Тарифтік жеңілдіктің арқасында отандық қант зауыттары өз қуаттылықтарын арттыру үшін баж төлемей шикізат сатып алуға мүмкіндік алады. Бұл сайып келгенде дүкен сөрелеріндегі қанттың арзандауына оң әсер етуі тиіс. Қазақстандық тарапты Премьер-Министрдің орынбасары–сауда және интеграция министрінің м.а. Серік Жұманагрин басқарды.
«Өткен жылғы тәжірибе қазақстандық нарықтың 90%-ын қамтыған көрші елдерден жеткізілген қант түрлі факторларға ұшырайтынын және оның жеткізілуі тұрақсыз екенін көрсетті. Сондықтан біздің еліміз өзінің қант өнеркәсібін дамыту туралы шешім қабылдады, ол үшін қазір өз шикізатының жеткілікті көлемінің болмауына байланысты бізге үшінші елдерден шикізат әкелу қажет», – деді ЕЭК отырысында сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова.
ЕЭК кеңесінде бекітілген шикізатты бажсыз әкелуге арналған тарифтік квота осы жылдың алдағы 9 айына 350 мың тоннаны құрайды. Тараптар күзде осы мәселеге қайта оралуға және қажет болған жағдайда жаңа егінді ескере отырып, квота көлемін қайта қарауға уағдаласты.
Айта кеткен жөн, қазақстандық қант зауыттары 2022 жылы 283 мың тонна қант өндірді.
Қазіргі уақытта «айналым схемасы» аясында облыс әкімдіктері қант зауыттарына шикізатты уақытылы сатып алу, ішкі тұтыну үшін жеткілікті көлемде және тұрақты бағамен қант өндіруге мүмкіндік беретін қуаттарды жаңғырту үшін 18 млрд теңге бөлді.