Бас прокуратура жыл басынан бері 29 блогердің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Kazbusiness.kz.
Олардың бірінің ісі сотқа жолданса, 8 іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. 8 іс қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның анықталмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері үзілген. 12 іс тергеп тексеріліп жатыр.
Бас прокуратура ақпараттық кеңістіктің мониторингісін Ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігі жүргізетінін, жарияланымда қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері анықталған жағдайда оларды тергеулігі бойынша Ішкі істер министрлігіне жіберетінін атап өтеді.
Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу шеңберінде Бас прокуратура биыл БАҚ-та екі рет үндеу жасап, онда ұлттық алауыздықты қоздыруға, сепаратизмді насихаттауға жəне жалған хабарламаларды таратуға бағытталған құқық бұзушылықтар үшін заңда белгіленген жауапкершілік туралы ескерткен. Қазір «Онлайн-платформалар жəне онлайн-жарнама туралы» заң жобасы əзірленген, ол бүгінгі күні мемлекеттік органдармен келісілген жəне Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісінің қарауында.
Жалған ақпараттың таралу фактілері кең тарала бастағанын ескере отырып, егер бұл əрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-əрекет белгілері болмаса, айыппұл түріндегі санкцияны айқындай отырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін əкімшілік жауаптылықты белгілеу жоспарланған. Осылайша, осы Заң жобасы қабылданған жағдайда интернет кеңістігінде көрінеу жалған ақпараттың таралуына тиімді қарсы іс-қимыл жасау үшін қажетті жағдайлар жасалады деп санаймыз», – деп жауап береді Бас прокуратура.