Комиссияның шешімі бойынша ісін жаңа бастаған 30 кәсіпкер жеңімпаз атанды. Бизнес-идеялар негізінен қызмет көрсету саласына байланысты болды.
– Қолдау 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде көрсетіледі, гранттың ең жоғары сомасы – 1 млн 225 мың теңге (400 АЕК). Өтінімдер business.enbek.kz порталында қабылданады. Сол жерде бизнес-жоспарларды қарау және оларды қорғау жүзеге асады, – дейді Қарағанды жұмыспен қамту орталығының басшысы Нұржан Сыздықов.
Оның айтуынша, биыл қала бойынша жүз бизнес-идеяға гранттар қарастырылған.
Бірінші лекте 60 өтінім келіп түсті, олардың жартысын комиссия мақұлдады.
29 тамыздан бастап өтінімдерді қабылдаудың екінші легі басталады. Ол 9 қыркүйекке дейін жалғасады. Бизнес-идеялары қабылданбаған адамдарда да мүмкіндік бар, олар қайта өтініш бере алады.
– Комиссия қарауына ұсынар алдында өз бизнес-жобасының өзектілігін тексеруге кеңес бергім келеді. Грант өтеусіз, бірақ мақсатты пайдаланылуын бақылау міндетті, – деп атап өтті Нұржан Сыздықов.
Грантқа үміткерлер: 29 жасқа дейінгі жастар, мүгедектігі бар және “қандас” мәртебесі бар адамдар, өңіраралық қоныс аударушылар, көп балалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы мүшелері, АӘК және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар болуы мүмкін.
Міндетті шарт – “Бастау Бизнес” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткені туралы сертификаттың болуы. Оны 14 күн ішінде business.enbek.kz сайтында да алуға болады. Сертификат үш жылға жарамды.