ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов 24 хабар арнасына берген сұхбатында “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасының жетістіктері туралы айтып берді.
– «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы тұтынушылардың қолына баратын, дүкен сөрелерінде тұратын өнімдердің шығуына қаржылай көмек көрсету мақсатында жасалған. Біз бұл бағдарлама аясында көптеген өнімдердің шығуына көмектесеміз. Нақты айтар болсақ, азық-түлік өнімдері, ауыл шаруашылық өнімдері, сондай-ақ құрылыс материалдары, химиялық өнімдер және т.б. Жалпы бағдарламаның көрсеткіштері жақсы. Бағдарлама қатысушыларының бұрынғы өнім шығару көрсеткіштерімен 2021 жылғы көрсеткіштерін салыстырып көрдік. Нәтижесінде өнім шығару көлемі 80%-ға артқаны, республикалық бюджетке түсетін салық түсімдері 2 есеге өскені және кәсіпорындардағы жұмыспен қамту 23%-ға өскені анықталды, – деді Т.Жақсылықов.
Сондай-ақ ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов жалпы бағдарламаға 1 трлн теңгеге жуық қаражат жұмсалғанын айтты.
– 2015 жылы шағын және орта кәсіпорындардың экономикаға қосқан үлесі 25% болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 35,7%-ға жетті. Яғни, бірнеше жылда осындай оң өсімге жетіп отырмыз. Жалпы бағдарлама аясында 3 мыңнан астам кәсіпорын субсидиялық көмек алды. Бұл қаражаттың 30%-ы азық-түлік өнімдеріне, 30%-ы ауыл шаруашылық өнімдеріне және 40%-ы өңдеу өнеркәсібіне бөлінді. Бағдарлама бүгінгі күні екі рет ұзартылып, оған 1 трлн 200 млрд теңгеге жуық ақша жұмсалды. Бұл қаражаттың 850 млрд теңгесін екінші деңгейлі банктер берсе, қалған 400 млрд Ұлттық банкке тиесілі, – деді ол.