Қаржылық сауаттылықты меңгеру кез-келген адам үшін маңызды. Табысқа кенелу үшін ең алдымен ақша жинау концепциясы, инфляция, т.б. экономикалық терминдердің не екенін де білуіміз керек. Ендеше kazbusiness.kz сайты қаржылық сауаттылықты арттыратын кітаптар легін ұсынады.
«Қаржылық бостандыққа жетелейтін жол», Б. Шефер
Бодо Шефер – атақты бизнес тренер. Ол өз кітабында жетістікке жету психологиясы туралы сыр шертеді. Кедей мен бай адамдардың арасындағы ойлау жүйесіндегі айырмашылықты көрсетеді. Кітапта қаржылық қиындықтарды жеңу жолы мен депозитке, акционерлік қорға ақша салу әдісі көрсетіледі. Кітаптағы ерекшелік – қарапайым халық үшін өте түсінікті тілмен және мысалдармен келтірілген.
«Ақша ағынының еселенуі», Р. Кийосаки
Автор кітапта әлемдік капиталдың бөлінуі мен жұмсалу сырларымен бөліскен. Неліктен инвесторлардың дағдарысқа ұшырайтынын, тәуекелсіз қалай табысқа кенелуге болатынын айтады. Кітапты жадына түйген адам қаржы эрасында өзін-өзі жоғалтып алмайды.
«Вавилондағы ең бай адам», Дж. Клейсон
Кітап 1926 жылы жарық көрді, алайда кітаптағы оқиғалар Ежелгі Вавилон тарихынан сыр шертеді. Тіпті сол замандағы қаржылық тактикалардың әлі күнге дейін өз актуалдылығын жоғалтпағанын көруге болады.
«Мәміле жасау өнері», Д.Трамп
Дональд Трамп кітабында жылжымайтын мүліктермен жұмыс істеу әдісі, бизнес серіктестермен және мемлекет басшылармен байланыс орнату жүйелері туралы көп ақпарат берген. Әрине, Америка нарығы отандық нарықтан әлдеқайда алыс, бірақ бұл кітап арқылы Трамптың өмірінен алынған тактикаларды өз кәдеңізде жарата аласыз.
«Қызым үшін жинаған миллион. Кезеңдік жинақтау жоспары. Бизнестегі табиғи заңдылықтар», В.Савенок
Автордың ерекшелігі – болашаққа негізделген жоспарларды алға тартады. Қаржы құралдарын қалай қолдану керек, инфляциядан зардап шекпеу жолдары сияқты мәселелерді қаржыгер ретінде оңай түсіндірген.
«Жеке қаржылық жоспар. Нұсқаулық», А.Паранич
Экономикалық тәуелсіздікке жету үшін қаржылық жоспар керек. Андрей Паранич ақшаны қайда, қалай жұмсау керек деген қарапайым сұрақтарды ашып түсіндіреді. Қарыздар мен несиелік құлдықтан құтылу жолын көрсеткен.
«Инвестициялық жауап. Қаржылық болашағыңды қалай қорғау керек?», Д.Голди, Г.Мюррей
Өте қысқа да нұсқа жазылған кітап. Авторлар капиталды жинау жолдарын таныстырады. Акция мен облигация туралы кеңінен ақпарат беріп, тиімділігі мен қауіптерін көрсеткен. Қаржы бойынша көптеген ақпараттар білуге болады.
«Сақтау және көбейту. Ақшаны сауатты басқару», Д.Конаш
Дмитрий Конаш – сәтсіздік пен жетістікті қатар сезінген атақты инвестор. Теориялық білімнен бөлек онда практикада кездесетін оқиғалар туралы көп жазылады. Осы кітаптан жеке портфель құру, оны дамыту тәсілдері туралы ақпарат аласыз.