Forbes жариялаған дәстүрлі ең бай адамдардың тізімі бойынша қазақстандық кәсіпкерлердің жалпы байлығы 2023 жылы 23,9 млрд долларды құрады. Өткен жылы Қазақстан байларының жалпы дәулеті 25,3 миллиард доллар болған, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Қазақстандағы ең бай адамдардың тізімі өткен жылы Қазақстан азаматтығын алған Тимур Турловпен толықты. Тізімде бесінші тұрған кәсіпкердің байлығы 900 млн долларға ұлғайған.
Forbes-қа енген жаңа есімдердің бірі – Orbis Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы Фаррух Махмудов. Ол рейтингте 22-орында. Компания портфолиосына елдің 12 қаласында 33 АВТО орталығы бар Orbis Auto дилерлік желісі кіреді. Кәсіпкер сондай-ақ “АқсайГазСервис” АҚ-қа иелік етеді.
Ал тізімнің екінші-үшінші орындарында тұрған Тимур және Динара Құлыбаевтар тағы 800 млн долларға байыған. Бұл жұптан кейін төртінші тұрған Kaspi тобының иесі Вячеслав Кимнің байлығы 400 миллион долларға ұлғайған.
Тізімде төмен түскен адамдар қатарында Дариға Назарбаева мен Кеңес Рақышев бар. “DLS Group холдингтік компаниясы” ЖШС арқылы “Аймақ-Медиа” ЖШС, “A-Service Management” ЖШС (Астанадағы 4 жұлдызды “Думан” қонақ үйі) үлестерін иемденіп отырған Д.Назарбаева 14-ші орынға төмендеді. Ал Кеңес Рақышев қазақстандық нысандардағы үлесін қысқартып, рейтингтің 15-ші орнына жайғасты.
“Prime Capital Invest” ЖШС құрылтайшысы Нұрбол Назарбаев 155 млн доллар байлығымен рейтингтің 45-ші орнына түсті. Ол – “PLS инвестициялық-құрылыс компаниясы” ЖШС, “PLS-TM” ЖШС (“Алматы ауыр машина жасау зауыты”АҚ мажоритарлық акционері) тең иесі.